Түркістанда 2025 жылға дейін 130 мектеп бой көтереді

Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі 2025 жылға дейін толығымен жойылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осы аралықта шамамен 130 білім ордасы салынбақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті. Биыл аймақта 78 білім ұясының құрылысы басталған. Олардың 47-і арнайы бағдарлама аясында бой көтеріп жатыр.  Сондай-ақ жыл сайын 108 білім нысанын жаңғыртудан өткізу көзделген. Дарынды балаларға арналған 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі де жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Өмірзақ Шөкеев,Түркістан облысының әкімі:

– Жаңа мектеп салу бізде өте күрделі мәселе. Өйткені облыстық бюджеттен өте үлкен қаржы бөлінеді бұған. Биыл республика бойынша 200 мектеп іске қосылатын болса, соның 47-і бізде. Көп адамдарға біз 78 мектеп салып жатырмыз десек, олар сенбейді. Бірақ салуымыз керек, халықтың өсімі жоғары. 2025 жылға дейін біз толығымен бұл мәселені шешуіміз қажет.