Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы: Таразда халықаралық конференция өтті

Таразда «Жамбыл жырау» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Еңбекке жыр алыбының бай мұрасы енген. Шаһарда бүгін ақын шығармашылығын арқау еткен халықаралық конференция өтті. Шараға Манас елінің жыршылары да қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Тағылымы мол танымдық конференцияның ақынның кіндік қаны тамған Әулиета өңірінде өтуі тегін емес. Форумға қатысушылар алдымен Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін Көне-Тараз тарихи-этномәдени кешенінде поэзия шебері өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Отандық зиялы қауым өкілдері қос дәуір куәгері болған заңғар ақынның ашылмаған сан қыры бар екенін жарыса айтып жатты.

Уәлихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы:

– Көпке дейін Жамбылдың негізгі бағыт-бағдарын Кеңестік-партиялық жүйемен байланыстырып, көбірек солай зерттеліп айтылды. Жамбылдың нағыз шынайы өмірі, тарихи шығармалары талданған жоқ. Сондықтан Жамбылды қайтадан трансформациядан өткізу, жаңаша тану қажет болып отыр. Өйткені Жамбыл ол қазақ жыраулық өнерінің соңғы тұяғы болатын болса, Жамбыл жазба әдебиетінің бастаушысы

Әзиз Бимырзаұлы, манасшы (Қырғызстан):

– Екі ұлттың ортақ ұлы болған, қырғыз-қазаққа аттың қасқасындай танылған. Желдей ойнап жүрген ұлы даладан басталған жырымен домбырасын шалып тонды ұлардай шаншыған заңғар ақынның тойына келіп жатырмыз.

Ұлы дала Гомері деп айдар тағылған Жамбылдың отты өлеңдерінің қазақ әдебиетінде алар орны ерек. Дала философының шығармалары тұтас ұрпақты тәрбиелеуге негіз боларлықтай екенін форум қатысушылары бас айтты.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

– Қоқан бектерінің де, патшалық Ресейдің де, Кеңес өкіметінің де екпінінен ықпай, әрдайым қалың қазақтың сөзін сөйлеуі Жамбылдың тек ақын емес азамат ретіндегі тау тұлғасын аңғартады. Бұл тұрғыдан алғанда дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әр адамға үлгі-өнеге. Сондықтан Жамбыл мұрасын жаңғыртып, жан-жақты насихаттау ісі күн тәртібінен түспейді.

Конференцияда Қырғызстан ұлттық архивінде сақтаулы тұрған ұлы тұлғаға қатысты құнды деректер қатталған «Жамбыл Жырау» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар жинақта ақынның революцияға дейін жазылған жырлары мен жамбылтанушылардың жаңа еңбектері басылған. Жалпы тиражы мың дана кітап оқырманға жол тартты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатилла