Алматы облысында көмір тапшылығы қайта басталды

Жетісулықтардың жылыту маусымында 1 млн 333 мың тонна көмір тұтынатынын айтады. Мамандардың мәліметі осындай. Ал соның 994 мың тоннасы жеткізіліп, сатуға шығарылған. Жергілікті билік өкілдері көмір тапшылығы жоқ, халық оны біртіндеп алып жатыр десе, талдықорғандықтар әлі күнге көмір жоқ деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Талдықорғандағы Рақышев көшесінің бойында орналасқан темір жол тұйығына келдік. Сағат он екі. Көмір әлі жоқ. Қақпасы болса жабық тұр. Желтоқсандық Ләззат Жапашеваның көмір іздеп, сабылғанына он шақты күн болды. Міне, бүгін тағы кездейсоқта жолығысып қалдық, сол көмірдің жырымен әлі жүр.

Ләззат Жапашева, қала тұрғыны:

– Көріп тұрсыздар. Ешқандай көмір жоқ. Күнде 1200 теңгеден мүшекпен барып көмір сатып алу деген не деген сұмдық?!

Гүлжан Қарабекова, қала тұрғыны:

– Міне, мына көмірдің тапшылығымен жүргенімізге 10 күн болды. Күн суық. Немереміз бар, балалар бар, өзім операциядан шықтым. Ешқандай жағдай жоқ. Ешкім жауап бермейді. 

Алматы облысының тұрғындары жылыту маусымында 1 миллион 333 мың тонна, ал талдықорғандықтар 100 мың тонна көмір тұтынады. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар соның 78 пайызы өңірге жеткізіліп, емін-еркін саудаланып жатқанын айтады.

Бағлан Абылқасымов, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қараша айына нақтыланған жоспарға сәйкес, облысқа 257 мың тонна көмір жеткізілуі керек. Бүгінгі күнге дейін 1516 вагон келді. Ол 104 мың тонна көмірді құрап отыр. Жолда қазір 146 вагон келе жатыр  немесе 10 мың 200 тонна десек болады. Алматы облысына күнделікті 100 вагонның көлемінде келеді. Сондықтан тапшылық байқалмайды. Келген вагондар күнделікті сатып алынып кетіп жатыр.

Біз облыс орталығындағы тағы 2 темір жол тұйығын аралап көрдік. Бірі жабық, екіншісінде қатты отын мөлшері өте аз қалған. Көмір түсіретін жердің қақпасын аңдып, жағарға отын таппай жүрген азаматтар әлі көп. Әкімдіктегілер болса, «өңірде көмір тапшылығы жоқ» деп айтудан танбай отыр. Бәлкім, бұл мәселені ұлттық компаниямен келісіп, үкімет деңгейінде шешкен абзал болар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев