Шаруалар мемлекеттен тиісті қолдау таппай қиналды

Атырау облысының шаруалары екі-үш жылдан бері мал азығына мемлекеттен төленетін субсидияға қол жеткізе алмай жүр.

Олар ала жаздай төккен тердің текке кеткеніне қынжылады. Облыста бұл мақсатқа бөлінген қаражат жеткілікті. Тек оны алу механизмі күрделі болғандықтан, шаруалар құжат толтырудан түңіліп кетеді. Салдарынан биыл Қызылқоға ауданына бөлінген 80 млн субсидияға бар болғаны 3 шаруа құжат толтырыпты. Біздің тілшілер аралап көрген шаурашылықта 150 бас сиыр бар. Қар түссе де, шаруа қорын үнемдеп, малды әлі далада жайып жүр. Себебі жаз бойы дайындаған 2 мың тоннадай шөпке кеткен 4-5 млн теңге шығынды олар өз өнімдерімен өтеуі тиіс. Ал мемлекеттен тиісті қолдау таппағандар үшін мал азығының құны алтынмен пара-пар болып тұр.

Нартай Амандықұлы, қожалық иесі:

– Бензин қымбат, қосалқы бөлшектер қымбат. Жемнің тоннасын былтыр 90 мың теңгеден алып едік. Биыл 120 мыңға көтеріліп кетті. Биыл қыс қатты болады деп жатыр. Қуаңшылық жылдан-жылға күшейіп тұр. Шығын да өсіп барады. Бұлай бола берсе, бізге мал бағу қиын болады. Бізге малдың шығынын жабу қиын болып тұр.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Субсидияға тапсырғанда, олар белгілі талаптарды орындау керек қой. Өзінің тәртібі бар. Егер құжаттарын мезгілінде тапсырған болса, демек қарастырылып жатыр. Субсидия беруге тапсырма берілді. Оның нәтижесін әлі алған жоқпын. Қызылқоға дедіңіз ғой, иә? Осыдан барғаннан кейін солардың жағдайымен танысып, осы фактілерге бөлек жауап беруге тырысамын.