Шығыс Қазақстанда тау шаңғысының маусымы басталды

Соңғы күндерің қар толассыз жауып, туристер мен спортшылар үшін  қолайлы болып тұр. Туристік нысандар дайындықтарын тағы бір рет пысықтап, демалушыларды қарсы алуға кірісті.

Шаңғы маусымында қардың қалың болғаны жақсы. Қысқы спортты ұнататындар қолайлы күн көп болса деп тілейді. Биыл қар жылдағыдан ерте түсті. Таулы аймақта қалыңдығы 1 жарым метрден асады. Мұнда арнайы техника омбы қарды нығыздап жатыр.

Александр Чиликин,ШҚО Фристайл және сноуборд қауымдастығының Президенті:

– Міне, қар қалың жауа тастады. Техника беткейлерден 3 рет жүріп өтті, енді тағы бір қайтара тегістейді. Жұмысты былтырғыдан екі апта бұрын бастауға тура келді.

Шаңғы жолының шамасын да, сапасын да алғаш болып кәсіби спортшылар сынады. Туристер үшін қауіпсіздік пен қолайлылық басты орында болу керек дейді олар.

Светлана Николаева, Фристайлдан спорт шеберлігіне кандидат:

– Қысқы маусымды ашуға толық негіз бар, өйткені қар қалың. Нақты көз жеткізу үшін өзіміз осында келіп тұрмыз. Беткейлердің қауіпсіз болуы, ірі тастардан таза болуы аса маңызды.

Спортшылардың шаңғы маусымын бастауы да ерекше. Өздерінің ырымы да бар.Төмен құлдиламас бұрын шай ішіп, тәттіден ауыз тиеді. Жол жайлы болсын дегендері шығар.

Сонымен алғашқы жол салынды. Келушілерге кедергі жоқ. Туристік база өкілдерінің айтуынша өткен қыста әр демалыс сайын мұнда 2 мың демалушы келіпті. Биыл да бұл көрсеткіш азая қоймас деген сенімде.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин