434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодар облысының шаруалары астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті

  • 102
  • UPD: 01:14, 20.11.2021
Павлодар облысының шаруалары астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті

Павлодар облысының шаруалары биыл миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Елімізде 2025 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын екі есеге көбейту жоспары бар. Оның ішінде өнім өңдірушілердің үлесі 70 процентке жетпек. Бұл межеден Павлодар облысы қалыс қалмайды. Бүгінде бұл өңір суармалы егіс алқаптарын арттыру арқылы дәнді-дақылдар ғана емес көкөністен де мол өнім алуға қол жеткізген

Аграрлық секторда ауыз толтырып айтарлық жетістік көп. Облыс бойынша астықтан миллион тоннадан астам өнім алынды. Қуаңшылық жылдардың өзінде көрсеткіш жоғары дейді диқандар. Бидай орташа есеппен санағанда гектарына 12 проценттен келген. Майлы дақылдар көрсеткіші де жаман емес. Күзгі жиын-терімнің қортындысы бойынша Успенка ауданы көш бастады.

Александр Касицын, Успенка ауданы ауылшаруашылығы құрылымының басшысы:

– Соңғы он жылды саралай келе біздің шаруашылық үшін ағымдағы жыл ең үздік жыл болды деп айта аламын. Мен мұны асыл тұқымды «Ақбас» төлінің чемпион атануымен ғана байланыстырмаймын. Бізді астық көрсеткіші қуантып отыр. Бүгінгі таңда күзгі науқанды толық аяқтадық. Орташа шығымдылық гектарына 15 центнерден асты. Бұл өте жоғары көрсеткіш.

Көкөніс пен бақша дақылдарының да түсімі жоғары биыл. Облыс бойынша 643 мың тонна картоп, 250 мың тонна көкөніс жиналған. Бақша дақылдары бойынша Павлодар ауданы топ жарды.

Динара Досанова, Павлодар ауданы ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Жыл сайын біздің аудан 8 мың гектар алқапқа көкөніс егеді. Шамамен 250 мың тонна өнім өсіреміз. Биыл біз пияз алқаптарының көлемін арттырдық. Кәсіпкерлеріміз пиязды көптеп еге бастады. Жергілікті өнім жақсы сақталады және жоғары сұранысқа ие.

Биыл фермерлер мал азығын дайындауды мықтап қолға алды. Облыста жем-шөптің бір жарым жылдық қоры жиналды. Мал шаруашылығымен айналысушылар қыс мезгіліне 1,5 миллион тонна пішен әзірлеген. Бұл мақсатқа 4 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Жалпы ауыл шаруашылығының қай саласы болмасын мемлекеттік қолдауға ие.

Нұрболат Мақашев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

– Өсімдік шаруашылығын қолдауға 4,4 миллиард субсидия бөлінді. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялар, мынау сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сонымен қатар  мал шаруашылығын субсидиялау жүзеге асырылды. Жем-шөп дақылдарына субсидия беріп жатырмыз. Осылардың нәтижесінде осы бағаны тұрақтандыру мақсатында мынау шалғын жерлердегі шөптің бағасы 12-13 мың деңгейінде, қырдың шөптері 17-18 мың теңгенің көлемінде сақталып тұр.

Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің күні қарсаңында саланың үздіктері құрметке бөленді. Жергілікті билік олардың көмегімен аймақтың экономикасын әртараптандыруға мүдделі. Облыстың әлеуеті жоғары. Қазақстандағы суармалы егіс алқаптарының жартысына дерлігі Павлодар облысына тиесілі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы