Қызылордада су сағатпен беріледі

Қызылорда облысында халықты ауызсумен қамту жобалары оң нәтиже бермеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алдымен «Ақбұлақ» кейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 миллиард теңге жұмсалса да Жаңақорған ауданы елді мекендерінің жартысы әлі сусыз отыр. Жаңадан жүргізілген су жүйелерінде кемшілік көп. Тоғандағы ұңғымалар бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Салдарынан 43 мыңдай халыққа су сағатпен беріледі.  Шалғай ауылдар түгілі аудан орталығында кесте бойынша су берілетін аумақтар бар. Тұрғындар шелектерін арқалап, құбырдан тіршілік нәрі тамшылағанын күтіп отыруға мәжбүр. Қаратау етегін ен жайлаған елді мекендерді сапалы сумен қамту үшін 2014 жылы Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы басталды. Ол арқылы 43 мыңдай тұрғын қоныстанған 27 ауылға ауыз су жетуі тиіс еді. Алайда өткен жылы ғана іске қосылған Сырдария топтық су құбыры толық қуатына көше алмай, тәулігіне мың жарым текше метр ғана су беріледі.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

– Қаржы бөлініп, негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бірақ екі жылдан бері жауапсыз мердігермен алысып келеміз. Біз қазір кесте даярлап қойдық. Соған сәйкес аудан әкімі күнделікті құрылыс компаниясының жұмысын қадағалап отырады. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.