Оңтүстікте егіз көбейді

Түркістан облысында дүниеге тек егіз бен үшем әкелетін ана тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

32 жастағы Дильфуза Мырзақұлова 2009 жылы алғаш рет ана атанды. Сегізінші мамырда дүниеге келген қыздарына Фатима мен Зухра деген есім берді. Кейін араға алты жыл салып шілденің тағы да сол 8-інде үшемді дүниеге әкелді. Разия, Рабия, Раяна деп азан шақырып ат қойды. Одан соң тағы да 6 жыл салып енді қарашаның 8-інде Хасан мен Хусан есімді қос ұлды сүйді. Үш жүктілігінде де сәйкестік болған 8 сандырын өздері қызықтап, шексіздік деген ұғымға балап отыр.

Дильфуза Мырзақұлова, көпбалалы ана:

– Қатты қобалжып кеткенмін. Ойламағанмын, тағы да сондай егіз тууға болады екен деп. УЗИ ге барғанда да. Бірінші барғанымда екеу деп айтқан еді. Тағы екеу екен деп жүрсем, сенде екеу емес үшеу екен дейді. Сенбей тұрсам анаған қараңыз деп экраннан көрсетіп тұр.

Әдетте тұқым қуалайтын бұл құбылыс Мырзақұловтардың әулетінде алғаш рет кездесіпті. Сондықтан «Тәңірдің берген сыйы» деп есептейді олар. Отағасы жауапкершілік жүгі еселеп жатқанда жай отырмайын деп күндіз-түні еңбек етіп жүр. Бір отбасында қос-қостап сыңардың көбейгенін естігендер ырымдап арнайы ат басын бұрады екен.

Дильфуза Мырзақұлова, көпбалалы ана:

– Бәрі қуанып, барлығы ойбай деп ешкімде болмаған мұндай деп бәрі жұғысты болсын дейді. Көбінесе мынау үшемдерде шатасатынмын. Қазір арға көзім үйренгеннен кейін бе шатаспаймын. Мына үшеуінің де түрлері онша ұқсамайды. Бірақ артынан кетіп бара жатса, таппай қаламын өзім де. Раяна десем, Раяна емес Рабия болып шығады. Мен Рабиямын деп айқайлап тұрады.

Шымкентте биыл 305 егіз жарық дүниеге келді. Сыңарымен туған шақалақтардың басым бөлігі – қыз бала екен. Статистиканы сөйлетсек, әр 15 минутта бір сәби дүниеге келетін аймақта мұндай демографиялық дүмпу алғаш рет тіркелді.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазақстандағы әрбір 4-5 туған бала ол Шымкент қаласында туылады. Өздеріңізге белгілі ОҚО көпбалалы аналармен біз мақтана аламыз. Егіздеріміз көбейді, үшемдеріміз көбейді. Бұл, әрине, өте күрделі сұрақ деп ойламаймын. Біріншіден, біздің аналарымыздың денсаулығы мықты болуы. Екіншіден, біздің оңтүстік өңірдің табиғаты жайма шуақ кезеңі деп ойлаймыз. Бұл балалардың барлығы табиғи жолмен босанған әйелдер.

Қалалық перинаталдық орталықта жақында ғана туған үшем бар. 17 жылдан бері сәби күткен Әлия да үшем босанып, баладан көз алмай отыр. Бір ұл мен қызды қатар сүйіп, қуанышқа кенелді.

Әлия Фарфазидинова, қала тұрғыны:

– Балам сабырлы, ал қызым мазасыз. Ол үнемі тамақтанғысы келіп, өзіне назар аударғанымды қалап тұрады. Ал ұлым ұйып жатып та тамақ іше береді.

Биыл мегаполисте 29 мыңнан астам бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 14 мыңдайы қыз және 15 мыңы ұл бала. Негізінен елдегі демографиялық көрсеткіштің көш басын оңтүстік өңірлері құрап тұр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов