Қостанай облысы коронавирусқа қарсы ревакциналауға әзір

Өңірде ревакциналау келесі аптадан басталады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлім етті.

Олардың айтуынша, 22 қарашадан бастап облыста коронавирус инфекциясына қарсы халықты ревакциналау басталады. Ревакциналаудан қай топ өкілдерінің өтетіні анықталды. Медициналық қызметкерлер, педагогтар, әлеуетті құрылымдар қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің ұжымы, 60 жастан асқандар, иммунитеті әлсіз және коронавирус антиденесі жоқ адамдар ревакциналаудан өтеді.

Айта кетейік, ревакциналау бұрын салынбаған вакцина түрімен жүреді. Сонымен қатар облыста балалар мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, мерзімі 16 аптадан асқан аяғы ауыр әйелдерге, босанғаннан кейін 42 күн өткеннен кейін бала емізетін аналарға екпе салуға дайындық жасалып жатыр. Өңірде осы аталған топта 666 690 адам бар. Оларды вакциналау үшін облысқа «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының 133 380 дозасы жеткізіледі.

Сонымен қатар облысқа вакцинаны минус 40-тан -80 градусқа дейін температурада сақтауға мүмкіндік беретін екі мұздатқыш құрылғы жеткізілді. Осы айдың аяғына дейін олардың қатары тағы екі құрылғымен толығады - деді облыстық ведомство жетекшісінің орынбасары. Вакцинаны емхана мен білім нысанындағы медициналық пунктте алуға болады. Балалар мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімге вакцина тек ата-анасының жазбаша келісімімен ғана салынады.