Павлодар облысында орманды күзету шаралары күшейеді

«Ертіс орманы» табиғи резерваты орман қорғау шараларына баса мән беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мемлекеттік инспекторлар әсіресе қарағайларды ерекше бақылауға алған. Себебі жаңа жыл қарсаңында мерекелік безендірулер үшін адамдар қаскөйлер жасыл шыршаларды аяусыз отайды. Қылқан жапырақты орман алқабында заңсыз ағаш кесуге тосқауыл қойылған. Рейд тұрақты түрде жүргізіледі. Мобильді топ орман маңайындағы әрбір көлікті тексеруге құқылы. Егер де кесілген қарағайлар табылып жатса, заңбұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады немесе табиғатқа келтірілген шығын үшін қомақты қаржы, яғни айыппұл төлейді. Қуантарлығы, соңғы екі жылда «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында келеңсіз оқиғалар тіркелмепті.

Қобыланды Атығаев, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бөлім жетекшісі:

– Жаңа жылдың қарсаңында қарағайлы ормандарды, жас шыршаларды қорғау бойынша күзету шаралары күшейеді. Осы резерваттың аумағындағы басты тас жолдарда біз пост қоятын боламыз. Сонымен қатар әрбір орманшылықтарда жылжымалы посттар қызмет етеді. Онда мемлекеттік инспекторлар сонымен қатар жаңағы полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп отырып кезекшілік күнделікті жасайды. 

Қазір өрт шалған алқаптар қалпына келтіріліп жатыр. Орман қорын ұлғайтуда бірсыпыра жұмыс жасалып, 13 миллионнан астам жас шырша көшеті отырғызылған. Соңғы төрт жылда қарағайлар бүр жармаған еді. Орманшылар биыл өнім мол дейді.