Маңғыстауда жиырмадан астам кәсіпкер мал азығын 10% арзан бағаға тасып беріп жатыр

Маңғыстау облысында қысқы мал азығын жинау қарқынды жүргізілуде. Қазір өңірде 21 кәсіпкер ауылдарға нарық бағасынан 10% төмен бағада жем-шөп тасымалдауда. Әсіресе Бейнеу ауданы бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Ауданда 1350 тонна шөп жиналған. Қыста қолжетімді бағада сатылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, Маңғыстауда биыл жаңбыр болмай, далада төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпады. Салдарынан 3 мыңға жуық мал қырылды.

Ардақ Борашев ата кәсіпті жалғастырып келеді. Төрт түліктің басын 300-ге көбейтіп, аудан тұрғындарын ет, сүтпен қамтамасыз етеді. Биылғы қуаңшылық шаруашылықты айналып өтпегенін айтады. Көктем басталысымен жылқылар әлсіреп, күйі кете бастаған. Сондықтан жер бусанған наурызда төлдеген 100-ге жуық құлынын сатып жіберіпті. Өрістегі қалған тайларын қораға алып келген. Енді шығыны шаш етектен дейді.

Ардақ Борашев, шаруа:

- Бұрын өрістегі малды жемдеуді білмейтін едік. Жылына 30-40 тайды әкеліп, сою үшін етке тапсырып, айналысатын едік. Далада шөбі жеткілікті еді. Кеше есептеп көріп едім, Бейнеу ең арзан жер ғой, арзан бағамен келген жемді алып отырмыз, соның өзінде 1 мың теңге шығады, 70 жылқы - 70 мың шығады. Шамамыз келгенше қорада семіргенін сатқымыз келіп отыр.

Ардақ Борашев сияқты шаруалар аудандағы арзан жем-шөптен ертерек қам жасауда. Осы уақытқа дейін Бейнеуге Қостанайдан 350 тонна жем әкелінген.

Баян Жаңабаева, Бейнеу ауданының тұрғыны:

- 3-4 түйем бар. Соған осы жерден жем алдым, 60 мешоктай. Жазымен 2200-ден алып едім, балаларды естіп 1900-ден алдым.

Бейнеу ауданында 160 мыңға жуық мал басы бар. Шаруалар әсіресе жылқы өсіруге бейімденген. Аудан шалғайда орналасқандықтан мал азығын осы жерден алады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Қыстың қамын жазда ойла демекші, бұл жерге мың тоннадай шөп жиналған. Жауаптылардың айтуынша, бұл мал азығы желтоқсан айында сатыла бастайды. Дәл осы уақытта өзге өңірден келетін шөп бағасы қар түскеннен кейін қымбаттайды. Ал бұл мал азығы жаздағы бағамен сатылатын болады.

Бейнеу 9 жолдың торабында орналасқан. Сондықтан көлік тасымалы жағынан шөп әкелуге ыңғайлы әрі арзан. Сәйкесінше аудандағы баға да қолжетімді. Сондай-ақ өзге облыстарға мал жаюға тиімді. 

Таңат Нұрмағанбетов, Бейнеу аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Шөптің бағасы да базардан 10 процентке арзан сатылуы тиіс. Бұл шөптің бағасы саттыққа шыққан жағдайда 74 теңгеден сатылатын болады. Өлшедік, орта бағасы 13-17 келі арасында шығып тұр.

Жалпы облыс бойынша қысқы мал азығымен қамту үшін жергілікті бюджеттен ӘКК-на 2,1 млрд теңге қайтарымды қаржы берілген болатын. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев