Қарағандыда жарық диодты жол белгісі пайда болды

Қарағандыда жарық диодты жаяу өткел пайда болды. Мұны жергілікті қоғам белсендісі Василий Климаков өз қаржысына орнатқан.

Бірақ ең әуелі жергілікті билік басындағылармен келісіп, рұқсат алыпты. Әдетте жол үстіне бояумен салынған жолақ қалың қардан, көктемгі саздан көрінбей қалып жатады. Ал бұл жаяу жүргіншілер жолы жарықпен берілетіндіктен кез келген ауа райында, тәуліктің барлық мезгілінде анық көрінеді. Қала көшелерін түгелдей жарықтандырып үлгірмей жатқан тұста бұл ұтымды шешім деп есептеймін, дейді жоба авторы. Мұндай бір құрылғының құны шамамен 1 миллион теңгеге жуық екен. Бірақ көтерме бағамен алса арзанға түсуі мүмкін. Кепілдік мерзімі 3-тен 5 жылға дейін.

Василий Климаков, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Бұл бастамамды әкімдік қолдайды деп ойлаймын. Кеше жауапты мамандар қоңырау соғып, қызығушылық танытып, керекті құжаттарды сұратты. Келесі жылы тесттік режимде тағы орнатуды жоспарлап отырмыз. Егер нәтижелі болса, жергілікті биліктен қолдау тапса, қаланың барлық көшесіне қойылуы мүмкін. Мұны шаһарды абаттандырудың жаңа стандарты деуге болады. Ең бастысы, жолдағы қауіпсіздік артады.