«Ауыл» партиясының мүшелері қан тапсырды

«Ауыл» партиясы 8 қарашада тәуелсіздік мерейтойына арналған «30 игі іс» шарасын бастаған. Осы шара аясында бүгін Алматы қаласында партия мүшелері мен мәслихат депутаттары және волонтерлер донор ретінде қан тапсырды.

«Дертті жанға дем бер!» деп аталатын донорлық шара бүгін Алматы қаласынан бастау алды. Қан тапсыру орталығына Ауыл партиясының жас мүшелері мен мәслихат депутаттары және еріктілер келіп, көмекке зәру жандарға қол ұшын берді. 

Рүстем Фабулқайырхан, «Ауыл» партиясының мүшесі: 

- Қаламызда осындай акция болып жатқанын естідім. Өзім осы акцияға атсалысуға келдім. Қанымды өткізіп, қазіргі қиын сәтте. Біздің халыққа көмек керек. Сол үшін осы акцияға атсалысуға келдім.

Партияның Алматы бойынша филиалының төрағасы Махамбет Хасеновтың айтуынша, қан көптеген науқастарға, әсіресе онкологиялық дертке шалдыққан балаларға өте қажет. Тіпті ондай жандарға кез-келген адамның қаны жарай бермейді. Сондықтан барлық өңірлерде адамдар «Ауыл» партиясының бастамасын қолдап, донорлық жасап тұрса қан қорының көбірек жиналуына мүмкіндік болады дейді.

Қымбат Жамашова, қан жинақтау бөлімшесінің меңгерушісі: 

- Осындай акция бізде бірінші рет емес, «Ауыл» партиясы оған дейін де бізде осындай акция ұйымдастырған. Өте қуаныштымыз. Әр қан тапсырған донор қаһарман. Әр қан тапсырған донордың ар жағында сақталынған өмір, құтқарылған өмір десек болады. Бұндай акциялар бізге керек. Өйткені мына пандемия кезінде бізде донор тапшылығы байқалды.

Бұл қайырымдылық іс тек қана Алматыда емес, еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады. Бұл шараның негізгі мақсаты - халықты қан тапсыруға шақыру. Себебі осы арқылы өзгеге өмір, науқастарға үміт сыйлауға болады- дейді «Ауыл» партиясының мүшелері. 

Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов