Павлодар облысында 22 бас жылқы ұрлаған жігіт қамауға алынды

Павлодарлық полицейлер «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ветеринария саласындағы 43 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қараусыз жүрген 32 мал иесі жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың 11 фактісі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұдан басқа, облыс аумағында бұрын жасалған мал ұрлығы анықталды.

– Мысалы, Шарбақты ауданында ағымдағы жылдың мамыр-маусым айлары аралығында Галкино ауылының маңында еркін жайылымнан 22 бас жылқы ұрлады деген күдікпен 29 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Шығын шамамен 5 млн теңгені құрады. Күдікті қамауда. Ұрланған мал үш жәбірленушіге қайтарылды, - деді Павлодар облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Павлодар ауданының полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың қыркүйек айында Алексеевка ауылының жайылым жерлерінен үш ірі қара мал басын ұрлап, жалпы сомасы 900 мың теңге шығын келтірген 52 жастағы ауыл тұрғынын ұстады.

Май ауданында жедел уәкілдер бұрын ШҚ-да шопан болып жұмыс істеген 50 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, ол 2013 жылдың тамыз айында жайылым учаскесінен екі қой мен бір жылқы ұрлады деп күдіктелуде. Шығын 260 мың теңгені құрады.

Барлық айыпталушыларға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Павлодар облысының Полиция департаменті жануарларды қараусыз қалдырмауды, қашалар орындарын қорғау құралдарымен жабдықтауды және егер ұрлық орын алса, дереу полицияға жүгінуді ұсынады, себебі уақыт өткен сайын ұрланған малды және қылмыскерлерді табу қиынға соғады.

Еске сала кетейік, «мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы 2021 жылдың 24 қарашасына дейін жалғасады.