Оралда әрқайсысы 10 млн теңге тұратын аялдамалар салынды

Оралда жылы аялдамалар пайда болды. Оның әрқайсысы 10 миллион теңгеге салынған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Шаһардағы алғашқы жылы аялдама былтыр Абай даңғылында орнатылды. Кейін осындай нысан теміржол вокзалына да қойылды. Жуырда қала билігі замануи үлгідегі су жаңа қос павильонды тұрғындар игілігіне берді. Мұнда қыста жылы, ал жазда салқын. Интернетпен және ұялы телефон қуаттайтын жабдықтармен қамтылған.

Лариса Никитина, қала тұрғыны:

– Құны 10 миллион дейсіз бе? Мен, әрине, оның нақты қанша қаржыға шығатынын білмеймін. Бірақ бұл жерде ең алдымен адамдардың жағдайы ескерілгені факт. Бұл, әрине, қуантады. Дегенмен су жаңа дүниені күтіп ұстау керек қой, қазірден бастап бүлдіруге көшкенін көріп тұрмыз.

Любовь Астафьева, қала тұрғыны:

– Әрине, қымбат, бірақ қазір арзан ештеңе жоқ қой. Қатты аяз бен желді күндері адамдарға өте қиын. Кейде автобус келіп болмай діңкені құртады. Сондай кезде, әрине, жылы жерде тұрған жақсы.

Жыл соңына дейін қалада 20 шақты жаңа жайлы павильон салу көзделген. Ал бағасы бір бөлмелі пәтер құнына теңесетін жылы аялдамалар хақында әкімдік өкілдері былай дейді.

Алмаз Ахошев. қалалық ТҮКШ бөлімі Жолаушы көлігі секторының меңгерушісі:

– Конкурс өткізгенде бағасы 10 миллионға шықты. Гарантиялары болады. Содан кейін қазір материал қымбаттаған, баға көтерілген. Сондықтан еш жеңілдік болмады, 10 миллионға жасалды.

Тағы бір жаңалық – қаладағы 4 аялдама енді облыстық өлкетану музейі, Мәншүк Мәметова мен Сәкен Ғұмаровтың музей үйлері және «Рухани жаңғыру» секілді жаңа атауларды иеленді. Мұндағы мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи орындарды кеңінен насихаттау.

Айгүл Түркина, қалалық мәслихат депутаты

– Комиссия шешімімен қандай орын аялдамаға жақындау, сол атаумен қоямыз деп келісіп, шештік. Мысалы, мына жақта Өлкетану мұражайы тұрса, Өлкетану музейі деп аталады, одан кейінгісі Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры деп аталды. 

Келер жылы қала бойынша осындай отыз шақты аялдама павильонын салу жоспарда. Айта кетерлігі, шаһардағы бес жүзге тарта аялдаманың әзірге тек тең жартысы ғана тұрғындар үшін қолайлы жабдықталыпты.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...