Павлодарда қарағай тұқымынан бұрын-соңды болмаған мол өнім алынды

«Ертіс орманы» табиғи резерватында қарағай тұқымын жинау науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Соңғы төрт жылда қылқан жапырақты өсімдіктердің бүрі өте аз болған. Салдарынан тиіндер саны азайып кеткен. Қорек таппаған аңдар басқа жаққа ауып кетсе керек.

Жалпы орман шаруашылығында тұқымның бес жылдық қоры сақталады. Қарағай бүрінен тұқым алу көп еңбекті талап етеді және көне тәсіл бойынша жүзеге асады. Пеш жағылып бірнеше қайтара кептірілгеннен кейін тұқымдар арнайы шанақтарға салынады.

Асхат Садықов, кептіру цехының шебері:

– Шанаққа салынған қарағай бүрлері 50-58 градус температурада бір тәулік бойы тұрады. Тұқымдар ашылғаннан кейін електен өткізіліп, қабығынан аршылады.

Жұмысшылар қарағай тұқымдарын қолмен жинайды. Биыл 76 тонна бүр жинау межеленіп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда өнім мол түскен. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған орманшылар тұқымды мейлінше көп жинауға күш салмақ.

Бауыржан Дәуітов, «Ертіс орманы» МТР Бас директорының міндетін атқарушы:

– Қазір біздің қолымызда 760 келі тұқым қоры бар. Қосымша шамамен 1-1,5 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Қарағай бүрін жинауға жергілікті тұрғындар көмекке келеді. Бұл ауыл адамдары үшін қосымша табыс көзі болса, резерват үшін өте жауапты науқан. Әрбір орманшылық алдына белгілі бір жоспар қойылады. Өйткені қарағай бүр бермеген төрт жылда тұқым қоры ортайып қалған. Ағымдағы жылы шамамен 3 мың гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды.

Жәнібек Сәдуов, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бөлім жетекшісі:

– Техника алып жатырмыз. Бүгінгі күні 13 трактор, 28 орман отырғызу машиналарын және қарағай бүрін кептіру мен өңдеуге арналған құрылғы алынды.

Кептіру жабдықтары – әлі қолданысқа енгізілмеген жаңа технология. Резерватта бұрын соңды болмаған. Жуық арада жеткізіледі дейді мамандар.

Жәнібек Сәдуов, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бөлім жетекшісі:

– Жаңа құрылғы қарағай бүрін өңдеу көлемін арттырады. Біз тұқым қорын көбейте аламыз.

Маусымға орай тұқымжайлар жұмысы уақытша тоқтатылған. Оларға 16 миллион дана жас көшеттер отырғызылыпты. Қылқан жапырақты ағаштарды егу науқаны алдағы көктемде басталады. Сонымен қатар мораторийға сәйкес тоқтап қалған санитарлық тазарту ісі қайта жанданады. Жеті жылдық үзілістен кейін орман жасыл желекке зиянды әсері көп қураған ағаштардан арылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков