Павлодарлық студенттер жатақхана құрылысына атсалысып жатыр

Бір топ ерікті жас әлеуметтік маңызы бар нысандағы түрлі жұмыстарды атқаруда, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қолғабыс жасауға ниет еткендердің барлығы жатақхана кезегінде тұрғандар. Қол қусырып отырғысы келмегендер құрылысшыларға көмектесіп жатыр.

Арнагүл мен Әмина – Торайғыров университетінің студенттері. Бірі болашақ айти-маманы, екіншісі мемлекеттік қызмет саласын таңдаған. Қос қыз жатақхана кезегінде тұр. Нысан құрылысының аяқталуын күтпей-ақ, жұмысшыларға көмекке келген.

Арнагүл Сабыр, университет студенті:

- Жатақхананың ерте ашылғанын қалап отырмыз. Сол себепті осында апта сайын жұмыс істеуге келіп отырмыз. Үшінші жатақханада осы бөлмелер ұнайды. Себебі мұнда барлығы қамтамасыз етілген. Яғни әр бөлмеде ас заттары, жуынатын бөлме бар.

Әмина Ахметова, университет студенті:

- Үшінші жатақханада тұрғымыз келеді. Сол үшін көмекке келдік. Қуанып та қалдық. Бөлмемізге тезірек кіргіміз келіп тұр. Бұл біздің екінші үйіміз болғандықтан, жұмысымызға жауапкершілікпен қараймыз.

Осылайша Айдана мен Әмина сияқты 30 студент сабақтан тыс уақытта еңбек етіп жатыр. Олар сырлау, әктеу, құрылыс материалдарын тасу, аумақты қоқыстан тазартау сияқты жұмыстарды атқарады. Ол бұл еңбегі үшін ақы да талап етпейді.

Жұмабек Қамзин, жоба авторы:

- Бүгінгі жастар жалқау деген пікірмен келіспеймін. Міне, 30 студент ниеттерін білдіріп, бізге көмектесіп жатыр. Осылайша, бұрынғы студенттік құрылыс отрядтары қозғалысы жанданды деуге де болады. Егер олар қолғабыс жасамаса, жұмысымызды уақытында аяқтау алмауымыз мүмкін. 18-19 жасар балалар оқудан тыс келіп, түрлі жұмысарды атқаруда.

Жаңа нысан 600 орынға шақталған. 10 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жатақханада 150 блок бар. Әрқайсысында екі бөлмеден болады. Күнделікті 40 құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Ал студенттер аптасына бірнеше рет келеді. Олардың бастамасын оқытушылық құрам да қолдады. Бір топ қызметкер қолдарына құрал алып, көмекке келді.

Еркін Садықов, университет ректоры:

- Жатақхана орнына, әрине, сұраныс бар. Бұл нысан қолданысқа берілген соң өзге өңірлерден келген студенттерді бөлмелермен қамтимыз. Бес қабатты жатақхана заман талаптарына сай. Тағы 900-ға жуық орны бар екі осындай нысан бар. Мақсатымыз – жастарымыз үшін қолайлы жағдай жасау.

Айта кетейік, 600 орындық жатақхананың алғашқы кезегі ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында, яғни межелеген мерзімінде іске қосылады. Осылайша, 300 жас көптен күткен бөлмелеріне қоныстанады. Ал екінші кезек наурыз айында ашылмақ. Бұл жастар үшін тамаша сый болары сөзсіз.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков