430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Дегерес қой тұқымын сақтап қалған қарағандылық шопан үздік атанды

  • 87
  • UPD: 20:28, 21.11.2021

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында қарағандылық шаруа «Үздік шопаны» аталымына ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл азамат тәуелсіздіктің құрдасы. Жастайынан төрт түліктің қыр-сырына қанық боп өскен жігіт, қазір ата кәсіпті дөңгелентіп отыр. Өз ісінің маманы енді «Үздік шопан» атанды. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының фермері Ернат Оспановтың қожалығындағы қой саны бүгінде 2 мыңға жеткен. Ақтоғай ауданында бір кездері дегерес қойының саны 250 мыңға жетсе, қазір саусақпен санарлық. Етті, әрі биязы жүнді қой тұқымын құрып кетуден сақтап қалғандардың бірі – Ернат Оспанов. Әуелде 500 бас сатып алып, шаруашылығын бастаған фермер аз жылда қой санын 2 мыңға жеткізген.

Ернат Оспанов, фермер:

– Әкеміз атын суарған, анамыз шәйға су алған жер болғаннан кейін ауылымыздың түтінін түтетейік деп, ұрпағымыз қазақ халқының осы дәстүрін әрі қарай жалғастырып, қой малы әрі қарай жарыққа шықсыншы деп жүрген жәйіміз бар. Қазір қой малы құрып бара жатыр ғой, көптеген жастарға үлгі болсын деп, ауылдың өсіп-өркендеуіне аздаған болсын үлесімізді қоссақ деген ниетіміз.

Қазір Ернат мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыруға да күш салып жатыр. Ол бастамасы нәтижесіз емес. Әр басқа 4 мың теңгеден субсидия алады екен.

– Тірі салмағы 100-110 келіге дейін барады. Ақтоғайлық қылшық жүнді дегерес қой шаруашылығының аталық қошқарлары осы. Мынау енді екі жасар қошқар, осы тұрғанда.

Мал басы көбейген соң фермер жерін ұлғайтып, 20 мың гектарды жалға алған. Мемлекеттің көмегін пайдаланып бес құдық қазғызыпты. Бұған қоса арнайы бағдарлама арқылы баламалы тоқ көзін тартады.

Ернат Оспанов, фермер:

– Қысы жазы, күні-түні, осы жерде екі тоңазытқыш, екі мұздатқышк, телевизор бар, осыған еш отырып қалмайды. Енді дұрыс қолдана білсеңіз, әрине. Желден энергия алатыны бар, ол түнде істейді, күндіз күннен энергия алады.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Ернат келешекте мал басын үш мыңға жеткізуді көздейді. Ол үшін даму жоспарын құрған.

Еңбекқор жігіт осылайша ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында өңірдегі «Үздік шопан» атанды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы