Қазақстанның қауыны әлемдік экспортталатын өнімдер қатарында

Қауын – Орталық Азия елдеріне тән өнім болғандықтан, Қазақстанда да бақша дақылын өсіру ісі оң жолға қойылған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Риат Шони, Тілші:

– Ташкенттегі әйгілі Чорсу базары. Ол Орталық Азия төңірегіндегі ең көне сауда орындарының бірі. Орта ғасырда бұл жер Ұлы Жібек жолының ең негізгі бөлігі болып саналған. Кезінде мұнда түрлі елдердің көпестері өз өнімдерін саудаласа, қазір Чорсу базарында өзбектердің саудасы қызған.

Чорсу базарының сыртында да, ішінде де сауда жыл он екі ай бойы жүреді. Келушілер көп. Көптің назарын қызықтыратын өнім түрлері – ол кептірілген жеміс-жидектер. Бахром Ниязов мұндай тауарларды ұзақ жыл бойы сатып келеді. Сөреде өрік, мейізден басқа інжір, кептірілген қауын сынды өнімдер бар. Соңғысы көпшіліктің сұранысына ие дейді, саудагер.

Бахром Ниязов, сатушы:

– Бұл кептірілген қауын. Оны дайындау әдісі оңай емес. Ол үшін қауынның қабығын аршып алып, тілімдеп кеседі. Сосын күнге кептіріледі. Бұл ешбір қоспа қосылмаған, нағыз таза әрі табиғи өнім. Адам денсаулығы үшін өте пайдалы, иммунитетті көтереді. Жергілікті жұртшылықтан өзге бұл өнімді Қазақстан, Ресейдің азаматтары жиі алады. Жарамдылық мерзімі 1 жылға дейін жетеді.

Жалпы қауын егу көлемі жағынан бақша өнімдері арасында Орталық Азияда бірінші орында. Шөлге төзімді болғандықтан Өзбекстан аумағында көп өсіріледі. Қазір бұл елде қауынның 150-ге жуық сорты бар. Биыл ала тақиялы ағайындар 67 мың гектар алқапқа қауын егіпті. Жиналған өнім көлемі 1,1 млн тонна.

Баһадүр Юнусов, Өзбекстан республикасы ауылшаруашлығы министрлігінің басқарма басшысы:

– Бірінші қарашаға дейін қауынның 37 мың тоннасы әлемнің 23 еліне экспортталды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 50 мың тоннаға дейін жетеді деген болжам бар.

Сыртқа саудаланған тауар құны 13 млн доллар. Ал биыл біз Қазақстанға 9,5 мың тонна қауын экспорттадық.

Қауын – Орталық Азия елдеріне тән өнім болғандықтан, Қазақстанда да бақша дақылын өсіру ісі оң жолға қойылған. Қазір халықтық селекция арқылы пайда болған Сыр өңірі қауындарына қызығушылық артқан. Ал Ташкентте өткен Орта Азия жұмысшы тобының отырысында қазақстандық Қаракүләбі сорты форумдағы дегустаторлардың ең жоғары бағасына ие болыпты. Қазір әлемде қауынға деген сұраныс жоғары болғандықтан жиында мамандар Әмудария мен Сырдария арасындағы қауын өсірушілердің қауымдастығын құру жөніндегі келісімге келді.

Самалбек Қосанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

– Өзенаралық екі дария – Әмудария мен Сырдария арасындағы қауын өсірушілердің қауымдастығын құру. Яғни Мауернахр терминін қайтадан жаңғыртып, осы мауернахр қауындары, өзенаралық қауындар деген сияқты үлкен бастаманы қолға алып жатырмыз. Орта Азиядан және Қазақстаннан Еуропаға және әлемге экспортталатын тауарлардың қатарына осы кептірілген қауынды және балғын қауынды енгіздік.

Айта кету керек, қазір қауын кептіріліп қана қоймай, одан чипсы жасау ісі де дамып келеді. Демек бақша дақылының бұл түріне деген сұраныс алдағы уақытта одан әрі артпаса кемімейді.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов, Нұрлан Жақыпбеков