433,56 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Нұр-Сұлтанда өзен үстімен өтетін автомобиль көпірінің құрылысы басталды

  • 73
  • UPD: 12:38, 22.11.2021
Нұр-Сұлтанда өзен үстімен өтетін автомобиль көпірінің құрылысы басталды astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елорда одан әрі дамып, өсіп-өркендеп келеді. Қалада жаңа шағын аудандар пайда болып, тұрғындар мен автомобильдердің саны өсуде, осыған орай жолдарда кептеліс көбейіп келеді. Жолдардағы өткізу қабілетін жақсарту үшін көліктерге арналған көпірлер мен көлік жолайырықтарын салу, автобус жолақтарын қосымша іске қосу және т.б. бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Сот процесі құрылыс жұмысы мен мерзіміне айрықша әсер етті. Қазір проблеманың бәрі шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеменің 20%-ға дейін төмендеуін болжап отырмыз. Жоспар бойынша аталған көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Сонымен қатар Ұлы дала даңғылында да көпір салынуда. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік Ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман елді мекенінің, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный елді мекенінің, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігін арттырады.

Мемлекет басшысы елордада көпірлер мен көлік жолайрықтарын салудың маңыздылығын атап өтті. Биыл және былтыр 300-ге жуық көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, жаңа бағыттар, автобус желілері іске қосылды, автобус паркін жаңартып жатырмыз. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы қатынауға, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді», - деп жазды елорда әкімі.

Хабар 24 телеарнасы