Қазақстанның азаматтық секторы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналды

Үкіметтік емес ұйымдар қатары жыл санап артып келеді. Елімізде шамамен жылына 150-ге жуық жаңа ұйым тіркеледі. 

Бүгінде Қазақстанның азаматтық секторы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. Ведомство басшысы онлайн режимде Х азаматтық форумға қатысып, ұйымның даму кезеңін тілге тиек етті. Биыл жиынға алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО және басқа да ірі халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Форум алдағы 5 күн қатарынан әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өтеді. Көрермендер көкейдегі сауалдарын жолдап, кері байланыс ала алады.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Биылғы жылдың тарихи мәні мен саяси мазмұны біз үшін ерекше. Егемендіктің мерейлі межесін табысты бағындырып отырмыз. Бұл біз үшін өткенге есеп беріп, бүгінімізді таразылап, ертеңімізді бағамдайтын кезең. Ал ел Тәуелсіздігінің жетістіктерін азаматтық секторсыз елестету мүмкін емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары небәрі ондаған ҮЕҰ басталған азаматтық сектор бүгінде ауқымды қарқынды салаға айналған.