Павлодар облысында халықты ревакцинациялау басталды

Павлодар облысында халықты қайта иммундау басталды. Қазіргі уақытта 40-қа жуық азамат ревакцинациялаудан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бүгінгі күні екпе салу кабинеттерінде түсіндіру шаралары басталды. Ал вакцина алу тәртібі мен өту ережелері бойынша мобильді топтар айналысуда.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін өңір халқының 40 проценті иммундау шараларынан өткен. Бірнеше күн бұрын балалар мен жүкті әйелдер вакцина ала бастады. Сала мамандарының айтуынша, демалыс күндері 130-дан астам жасөспірім ата-аналарының рұқсатымен иммундаудан өткен. Балаларға екпе салу мектептердегі медициналық бөлмелерде де ұйымдастырылған.

Айгүл Мұқышева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінде «Спутник Лайт» вакцинасы облысқа түскен жоқ. Препарат түскен сон ревакцинация барысында пайдаланамыз. Ол үшін бір доза жеткілікті. Процедуралардың барлығы халыққа қолжетімді. Тұрғындарға екпенің бірнеше түрі ұсынылады.