«100 шақырым+» челленджіне қатысушылар арасында банк саласының маманы да бар

«Хабар» Агенттігінің қолдауымен өтіп жатқан «100 шақырым+» челленджіне атыраулықтар да үн қосып жатыр. Әуесқой марафоншылар қазірдің өзінде 100 шақырымды еңсерді. Тән саулығын, жан саулығы деп білетін желаяқтар жүгірудің пайдасы зор екенін айтады.

Түрлі сала мамандары қатысып жатқан челленджге атыраулық Роза Мырзабекова да үн қосты. Банк саласының маманы жүгіруді жыл басында бастаған. Содан бері қол үзген емес. Челлендж туралы әлеуметтік желіден біліп, қатысуды ұйғарған.

Роза Мырзабекова, қала тұрғыны:

– Челлендж жайлы әлеуметтік желіден білдім. Өзім 21 қаңтардан бастап жүгіремін. Бастапқыда 3 км, 5 км, 10 км жүгірдім. Қазіргі таңда менің ең үлкен қашықтығым –  25 км. Мен уақытқа емес, қашықтыққа жүгіремін. Көп болған сайын, соғұрлым пайдалы ғой.

Алғашында осынша қашықтыққа жүгіруге жүрексінген Роза қазір тынысының ашылып, өзін сергек сезінетінін айтады. Оған қоса жетістікке жеткен жандардың өмірінде әрқашан спорт болатынын ескеремін,- дейді марафоншы.

Роза Мырзабекова, қала тұрғыны:

– Жүгіруді өте қиын нәрсе деп ойлайтын едім. Бастап кетсең, өзің байқамай қалады екенсің. Өте пайдалы. Жетістікке жеткен адамдарды зерттей бастағанымда олардың барлығы спортты серік еткенін байқадым. Таңнан бастап жүгіреді екен. Мен сол нәрсені әдетке айналдырғым келді, жүзеге асты.

Екі баланың анасы Роза Мырзабекова енді отбасын да спортпен шұғылдануға шақырып жүр. Бұрын жүгіруге құлық танытпаған ол қазір өзін жүгірусіз елестете алмайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин