Ақтөбе облысында малдың белгісіз ауруға шалдығуы жиіледі

Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында да малдың ауруға шалдығуы жиілей түскен. Ірі қара мен қой-ешкі кенеттен қоректенуді тоқтатып, арықтай бастағаны жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Төрт сиыры мен қой-ешкісі ауруға шалдыққалы бері Қалабай атайдан маза кеткен. Күні бойы шөптің құнарлысы мен жемін беріп, оңалтып – ақ әлек. Отбасына аса қажет мал үшін соңғы 2-3аптадан бері атқарып жатқан тірлік осы. Ал аурудың қайдан келгені белгісіз.

Қалабай Көздібаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Ауылдың көбісінің малдары ауырып жатыр. Ауыздары іріп кетеді. Тамақ ішпейді, шөп жемейді, су іші алмайды. Аусыл деп айтады. Негізі халық аусыл емес, судан көріп жатыр. Ірі қара емес, қойлар да солай. Ақсап, өліп қалғандары бар.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мал арасында тараған аурудың белгісі бір. Жем-шөп жемей, су ішпеген соң арықтай береді. Сондықтан да кейбір тұрғындар жаз бойы жайлаудағы шаруашылықтарда болған малын әкелген соң, тез сойып тастапты. Ал әзірге дерттің басылар түрі көрінбейді екен.

Қаныбек Мусин, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Мал алма кезек ауырып жатыр. Не ауру екенін білмейміз. Енді шөп жемейді. Далаға жібермеген, үйде тұрған малымыз ауырып жатыр. Ветеринарлар қолдарынан келген көмектерін беріп жатыр. Істемеген шарамыз жоқ. Марганцовкамен де, йодпен де жуып жатырмыз.

Ауыл тұрғындары ауруға шалдыққан малдарын қазір бөлек қорада ұстайтын болған. Беретін жем-шөбінен өзге аса көп жақындамайды екен. Ал қой-ешкілердің нақты қандай дертке шалдыққанын, тіпті, жауапты мамандар да айта алмай отыр.

Ауылдық округтегі мал дәрігері аурудың алғаш рет Бестамаққа қарасты шаруа қожалығынан кейін бірнеше адамның малынан анықталғанын айтады. Бірақ бұл жұрт айтқандай аусыл індеті емес дейді. Мұны ветеринар мамандарының тексеру жұмыстары көрсеткен. Ал нақты қортындыға келу үшін малдан алынған сынамалар Елордадағы арнайы орталыққа жіберілген. Соның нәтижесіне орай қазір жергілікті билік бірқатар шараны қолға алыпты.

Мейірхан Ермағанбетов, Алға ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл жерде тіркелген аурудың түрі ол - инфекциялық ринотрахеит ауруы. Бұл үй жануарларының арасында жиі кездесетін ауру. Ешқандай адамға деген зияны жоқ. Бірақ, дегенмен де жоспарлы түрде егу жұмыстары үй жануарлары арасында жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Алға ауданы бойынша 6 мыңға жуық мал басы егіліп, профилактикалық шаралар жүріп жатыр.

Бүгінде Алға ауданы бойынша 60 бас ірі қараның ринотрахеитке шалдықса, 7-еуі өлген. Мамандардың айтуынша, бұл дерт әр алты жыл сайын қайталанып отырады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев