ШҚО-да жол құрылысына жұмысшы жетіспей жатыр

Елде жол құрылысы саласында маман тапшы. Қысы-жазы жұмыс күші жетіспейді. Мәселен қазір Шығыс Қазақстанда автокөлік жолдарын қардан тазалауға 60-қа жуық адам керек. Жастар бұл жұмысқа жоламайтын көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Шығысқа қыс келді дегенше, қарбалас басталды деңіз. Әсіресе, жол бойында. Трассалардың ашық әрі қауіпсіз болуы үшін жол саласының қызметкерлері тәуліктік жұмысқа көшеді. Өйткені көктайғақ, қар көшкіні мен ақ түтек боран жиі болады. Ауа райы алаңсыз отырғызбайды. Облыстағы жол бойында қыс бойы 1200 адам жұмыс істейді. Республикалық маңызды бағыттарда 500 адам. Бірақ осының өзі аздық етеді. Инженер Болат Жұртбаевтың айтуынша, өлкенің күрделі климатына көп адам шыдай бермейді. Сондықтан бұл жұмыстан қашқақтайды.

Болат Жұртбаев, «ҚазАвтоЖол» РМК облыстық филиалының бас инженері:

– Бізде табиғат қатал. Біресе толассыз қар жауып, біресе боран соғады. Саршұнақ аяз тағы бар. Жолдың 30 проценті тау ішімен өтеді. Қыста жұмыс көбінесе тәулік бойы демалыссыз жүреді.

Қазір жол үстінде ауыр техниканы айдайтын кем дегенде 60 тәжірбиелі машинист жетпейді. Маусымдық жұмыс болғандықтан адам тұрақтамайды. 300 мың теңге еңбекақыға қарамай, кетіп қалады. Сондықтан сала мамандары кадрді мектептен бастап дайындау керек дейді.

Саяхат Мұсапыров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Облыстық филиалының инженері:

– Біз тек мектептермен ғана жұмыс істемейміз. Жоғарғы оқу орындары студенттерімен де жұмыс жасаймыз. Жас мамандар бізде іс-тәжірибеден өтеді және  қосымша қызығушылығын арттыру мақсатында қосымша жалақы алады.

Жол құрылыс саласының мамандарының жұмысымен танысу үшін сапа орталығына №13мектеп оқушылары экскурсияға келді. Олар жолдағы жұмыс тек далада ғана емес, зертхана ішінде де жалғасатынын көріп,таң қалды.

Алина Мавлюкаева, мектеп оқушысы:

– Бүкіл сыныппен келіп, зертхананы араладық. Өте қатты ұнады. Асфальттың сапасын сынап көрдік. Біз білмейтін көп нәрсе бар екен. Бұл жерде еңбеақы жоғары екен, ол да ұнады. Сондықтан болашағы бар мамандық дер едім.

Жалпы еңбек биржасындағы деректерге сай Қазақстанда жол құрылыс саласында қыс мезгілінде 4 мың маман жетіспейді екен.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин