Маңғыстау өңірінде халықты қайта вакциналау жүріп жатыр

Ақтаудың шалғай аймақтағы тұрғындарын қайта вакциналау басталды. Таңертеңнен бері тұрғындар емханаларға барып, екпе салдырып жатыр.

Мәселен, Ақтаудағы емдеу мекемесінің біріне түске дейін 20-ға тарта адам барды. Арасында медицина қызметкерлері де бар. Олар індетке қарсы вакцинаны толық алғаннан кейін араға 6-9 ай уақыт салып қайта вакцина алу қажеттігін халыққа түсіндіріп жатыр. Сондай-ақ 12 жастан асқан балалар, жүкті әйелдер мен сәби емізіп жүрген аналар да коронавируспен күресетін дәрілік препарат салдыруға көшті.

Гүлназ Теңізбаева, қала тұрғыны:

– Ғаламтордан ақпараттарды оқып, өзіме керек деп шештім. Қалыпты жағдайдамын, ондай өзгерістерді сезініп тұрған жоқпын. Алғанда ешқандай қорқыныш жоқ деп ойлаймын. Әркімнің өз шешімі бар.

Бибізада Дүйсенбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Медицина қызметкері ретінде QazVac-ты алып тұрмын. Күтілетін белгілерді білемін. Жалпы Маңғыстау - І және ІІ компонентінен 46 пайыздан орындап тұрған облыс болғандықтан, реакциналаудың да біз шамамен 30 пайызын қамтуымыз керек.