«ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ басқарма төрағасына ескерту берілді

«Nur Otan» партиясы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мен ведомстваға қарасты екі комитеттің төрағасына тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасына «ескерту», Теміртау қаласының әкімі мен Маңғыстау облысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысын «сөгіс»түріндегі партиялық жауапкершілікке тартты.

Қаулы Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында қабылданды. Жиында елдегі жолаушылар және жүк тасымалы саласында олқылық көп екені айтылды. Мәселен көптеген өңір тасымалдаушы компаниялардың шығынын субсидияламайды. Салдарынан қоғамдық көлік қатынасында кідіріс көп. Мұндай мәселе әсіресе Қызылорда мен Жезқазған қалаларында қордаланып қалған. Ал Маңғыстауда екі жыл бұрын салынған су жаңа жолдың шаңы шығып жатыр. Асфальтты жүк көліктері тып типыл еткен. Құрылыс сапасы да стандартқа сай келе бермейді. «Nur Otan» жауапты министрлікке жолдарды орташа жөндеудің 1 шақырымына жұмсалатын шығындар лимитін белгілеуді, 1 қаңтарға дейін барлық автожолдардың бірыңғай картасын жасауды ұсынды.