Ақтауда 2023 жылы Президент саябағы ашылады

Қазір өңірде 23 гектар аумақты алып жатқан саябақ құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Президент саябағында жоба бойынша 3 субұрқақ жұмыс істемек. Спорт және балалардың ойын алаңдары да болады. Басты ерекшелігі сол, қаланың инженерлік желілеріне тәуелсіз.

Яғни жерасты суы мен баламалы қуат көзін тұтынады. Ал осы Ақтаудағы қазіргі жалғыз «Ақбота» саябағы тозып тұр. Шаһар билігі оны сенімгерлік басқаруға беріп, қайта жандандырғысы келеді. Президент саябағы 40 ықшам ауданда салынып жатыр. Бұл – инвестициялық жоба.Көпшілік демалыс орнына келер көктемде гүлдер аллеясы орнатылады. Өлке климатына төзімді тал көшеттері Иран, Түркиядан әкелінеді. Әуенді субұрқақ, жүгіру және веложолдардың құрылысы аяқталуға жақын. Үш қабатты спорт кешені бой көтеріп келеді. Саябақта 4 жерасты су көзі бар. Аумағын жарықтандыруға күн панелдері қолданылады.

Сұңғат Мұңалбаев, мердігер:

– 4 жерден скважина қаздық. 120 метрден жақсы су шығып тұр. Ираннан су тұшытатын 4 қондырғыға тапсырыс беріп қойдық. Паркке ондай көп ток шығыны кетеді деп ойламаймын. Негізгі шығындар фонтан насостары. Күн сәулесін алатын құралдар келіп тұр. Оған тек уақыт керек. Бәрі де орнатылады. Балалардың ойын алаңдары, спорт алаңы барлығы да үлкен көлемде қаралған. 2023 жылы аяқтаймыз.

Енді «Ақбота» саябағына келсек,  2013 жылы сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған демалыс орны қазір тозып тұр. Бақылау жоқтығынан бұзақылар аттракциондар мен орындықтарды сындырып кетеді. Жасыл желекті суару мәселесі де шешілмей қойды. Биыл қала билігі сенімгерлік басқаруға беретін болып шешті. Конкурс жеңімпазы бірінші кезекте саябақ ішін ретке келтіруге тиіс.

Нұрсейіт Айладыр, Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Сенімгерлік басқаруға арнайы конкурс жарияладық. Негізі талаптарына тоқталып кетер болсам. Біріншіден, бірыңғай концепциясын дайындап, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұйымдастыру. Яғни жыл он екі бойы тұрғындардың келіп демалуына, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасау.

Бұл саябақта 1700-дей тал бар. Ендігі күтіміне жауапты компания ағаш санын екі есе көбейтуге, сондай-ақ 6 мың өзге де өсімдіктерді егуге міндеттеледі. Бұл жерге бірнеше бейнекамера қойылған. Алайда 11 гектар аумақты толық бақылау мүмкін емес. Сол себепті күзетші немесе полиция бекетін қою жоспарда бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев