Еліміздің 14 өңірінде мемлекеттік сатып алуларда жалған дерек тіркелген

 Осы тіркелген дерек ізімен 2025 жылға дейін тиісті тексерістер жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл туралы бүгін Индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұлттық компаниялар арасында Қазақстанда өндірілген тауарларды сатып алу көрсеткіші 0,8 процентке ғана артты. Заң бойынша қазір сатып алушылар 4 бағыт бойынша тек отандық өнімді сатып алуға міндетті. Алдағы уақытта бұл тізімге жеңіл өнеркәсіп, жиһаз жасау мен көлік құрастыру бағыттары да кіргізілуі мүмкін. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар және ұлттық компаниялардың қатысуымен офтейк шарттар жасалмақ. Бұл отандық тауарларға деген сұранысты арттыруы тиіс.

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі

– Әкімдіктерге жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырамын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктеріне, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-на жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Индустрия министрлігіне Энергетика министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтау керек. «Жергілікті қамтуды дамыту» – бұл әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі. Соған сәйкес олардың жұмысы бағаланады.