Қазақстанда ревакцинация қарқын алды

Қазақстанда қайта вакциналау қарқын алды. Елде қажетті екпе қоры әзірленді. Препаратты тасымалдау және сақтау жолға қойылды. Американдық вакцина негізінен 12 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жүкті және бала емізетін әйелдерге салынып жатыр.

Түркістан облысында өткен тәулікте 3 адамнан ғана коронавирус анықталды. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш. Бір күн бұрын аймақта қайта вакциналау басталды. Қазір облыста «Pfizer» вакцинасын қабылдағандар саны тоғыз  мыңнан асты.

Дәрігерлердің айтуынша, ата-анасының рұқсатымен жеті мыңнан астам балаға коронавирусқа қарсы екпе салынды. Бүгінге дейін жүкті және лактация кезеңіндегі 2 мыңнан астам әйел вакцина қабылдап үлгірді. Облыс бойынша «Pfizer» вакцинасын салдыруға ниеттілердің саны артқан. Жалпы Түркістан облысына американдық екпенің 17 550 дозасы жеткізілді.

Нұрбек Нышанов, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері:

- Коронавирусқа қарсы ревакцинациялау мынадай аралықтарды сақтай отырып жүргізіледі. Мәселен, алдында «Хаят Вак», «Каз вак», «Корона вак», «Синофарм» вакциналарын салдырғандар араға 6 ай уақыт өткенде  және «Спутник V» вакцинасын салдырғандар арада 9 ай уақыт өткен соң вакцинаның кез келген басқа түрімен ревакцинациялануға болады. Ревакциналау 1 ғана дозамен жүргізіледі.

Шымкентте де бүгінге дейін «Pfizer» вакцинасын 2 мыңға жуық тұрғын алды. Оның ішінде бала емізетін әйелдердің үлесі басым. 1359 ана екпе қабылдады. Қалғаны жүкті әйелдер мен жасөспірім балаларға салынған. Оқушыларға Pfizer вакцинасы емханалардан бөлек мектепте дайындалған екпе кабинеттерінде салынады. Медицина мамандары бұл жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілетінін айтады. Қазір жергілікті емханаға екпенің үшінші дозасын алуға келгендер қатары көп.

Айгүл Тұрымбетова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Егуден кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркеу деген бар. Ондай жағдай болса медицина мамандары үш күн бойы бақылап отыр. Хабарлама беріледі. Ол комиссия түрде зерделенеді. Себептері ізделеді. Неге баланың жағдайы нашарлады деп. Бүгінгі таңда ондай жағдай тіркелген жоқ. 

Мамандар жасөспірімдерді медициналық тексеруден өткізіп, кері әсері байқалмаған жағдайда ғана салатынын айтады. Ревакциналауға қажетті қор да бар. Қазақстан бойынша 8 жарым млн адамның екпе алғанына қарамастан, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл», тағы төртеуі «сары аймақта» тұр. Қалған өңірлерде вирустың таралуы бәсеңдеді. Дегенмен, босаңсуға болмайды.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Рауан Мыңбаев