Жылыту маусымы басталғалы Қостанай облысында иіс тиюден 5 адам көз жұмды

Жылыту маусымы басталғалы Қостанай облысында иіс тиген бес адам көз жұмды. Бұған пештегі ақаулар мен қарапайым қауіпсіздікті ескермеу себеп. Мәселен тұрғындардың басым көпшілігі мұржаларын дұрыс тазаламайды. Ал оның соңы кісі өліміне әкеліп жатады. Қазір құтқарушылар жер үйлердің пеш құбырларын тазалап, улы газдан қорғайтын құрылғыларды тегін орнатып жатыр.

Қостанай іргесіндегі Солнечный шағын ауданы. Мұндағы жер үйлер қыста пеш жағады. Құтқарушылар тұрғындарға жылыту құралдарын қолданудың қауіпсіздігін жиі айтқанымен, пеш мұржаларын тазартуда олар немқұрайлық танытып жатады.

Әлжан Қадыржанов, ТЖД Бас маманы:

- Осы демалыс күндері облыс аумағында екі адам өрттен қаза болды. Негізігі себебі отты абайсыз пайдалану және электр жылыту құралдарын пайдалануда қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу боп табылады.

Бес баланың Оксана Цыганкова пеш мұржасын үнемі өз күшімен тазартады. Ал бүгін бұл жұмысты орындауға құтқарушылар көмек берді. Қайырымды шара көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды ғана қамтиды. Негізінен бұл қызмет құны 10 мың теңгеге дейін тұрады.

Алмас Бүгібаев, мұржа тазалаушы:

- Пеш істен шығып, әбден бітелген жағдайда адамдар мені шақыртып жатады. Түтіндіктің құрылымын жақсы білгендіктен тығындалған тұсын бірден тауып тазартамын. Мұржаға да күтім керек. Кемінде жыл да бір рет тазартса жеткілікті.

Сонымен қатар Цыганковтар жанұясы баспанасына арнайы дабылдағыш тегін орнатылды. Газдың иісі сәл шықса, құрылғы дабыл беріп қауіптің алдын алады.

Оксана Цыганкова, көп балалы ана:

- Бұған дейін осындай құрылғы бізде болған. Алайда көп ұзамай істен шықты. Негізінен оның пайдасы мол. Бір түні иіс шығып, дабыл бергенде шұғыл түрде далаға жүгіріп шықтық. Осылайша өмірімізді құтқарып қалды.

Жылыту маусымы басталғалы бері 200 үйге улы газдан қорғайтын құрылғы тегін орнатылған. Жалпы әлеуметтік жағынан аз қамтылған алты мыңдай отбасы дабылдағыш құрылғысына мұқтаж.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров