Жаңажылдық кештерге тыйым салынуы мүмкін

Пандемия басталғалы елде ұжымдық той-томалаққа шектеу қойылғаны белгілі. Бірақ әр өңірдің жергілікті бас санитарлық дәрігері мерекелік кешті өткізуге бола ма, болмай ма, өздері шешеді. Яғни бәрі аймақтың эпидемиологиялық ахуалына байланысты болмақ. Егер кеш өткізуге шынымен тыйым салынса, мейрамхана иелері қайтпек?

Желтоқсан – той-томалақ пен мерекелік кештердің айы. Бірақ әлемді пандемия жайлағалы мұндай басқосуларға тыйым салынған. Алайда жақында ғана карантиндік шектеулерге жеңілдік жасалды. Сәйкесінше, бірқатар шектеулер әлі де сақталып отыр.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– Қазақстанда той жасауға жасыл аймақтағы өңірлерде 100 адамға дейін, сары аймақта 70 адамға дейін, қызыл аймақта 50 адамға дейін болса ғана рұқсат беріледі. Онда да «ашықта» тек жасыл мәртебесі бар адамдар өте алады.

Ұжымдық кештердің өтіп-өтпеуі тағы да әр өңірдің эпидемиологиялық ахуалына байланысты. Яғни ондағы бас санитарлық дәрігерлер жағдайға қарай кез-келген уақытта қаулы шығара алады. Мысалы, өткен аптадан бастап Жандарбек Бекшин Алматы қаласында өтетін барлық кештерге тыйым салды. Ал денсаулық сақтау министрі әріптестерін қолдайтынын жасырмады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайына қатысты негізгі шешімді санитарлық дәрігерлер өздері шығарады. Аймақтың санитарлық дәрігері елді-мекеннің жасыл, сары немесе қызыл статусына қатысты нақты талаптар қояды. Сондай-ақ ұжымдағы адамдардың саны бойынша да белгілі бір талаптар бар.

Осы тұста мейрамхана қожайындары әлден дабыл қаға бастады. Себебі көпшілігі бұрындары дәл осы айда қалтасын қампайтып алатын.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

– Біз бұрын ұжымдық мерекелерге қарашаның ортасынан бастап тапсырыс қабылдайтынбыз. Ал пандемиядан кейін мейрамхана бизнесі қиындыққа тап болды. Салық та төлеп жатқан жоқпыз. Себебі айналым жоқ. Ал биылғы мерекелік кештердің қалай болатыны әлі белгісіз.

Мамандар жыл соңына дейін Алматыдан өзге де өңірлерде Жаңа жылды тойлауға тыйым салынуы мүмкін деп отыр. Сондықтан ұжымдарға мейрамхана таңдап, алдын-ала төлем жасамас бұрын мұқият ойлану қажет дейді. Әйтпесе, қаржы желге ұшуы мүмкін.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Диас Қобыланбаев