Мерке – Шу – Бурылбайтал республикалық тас жолын жөндеуге 97 млрд теңге жұмсалды

Мерке – Шу – Бурылбайтал республикалық тас жолының жөндеу жұмыстары 90 процентке аяқталды. Бұл жобаға  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қыруар қаржы жұмсалды. Енді 4 жылдан бері жүріп жатқан құрылыс жұмыстары нақты қашан аяқталады? Ел жаңа жолдың игілігін қашан көреді? 

Мерке–Шу–Бурылбайтал республикалық тас жолын жөндеу жұмыстары 4 жыл бұрын басталды. Оның ұзындығы – 262 шақырым. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан бұл жобаның жалпы құны – 97 миллиард теңге.

Тілеужан Ержан, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Төрт бөліктен құралған. Біріншісі – Мерке – Шу учаскесі. Ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Екінші учаске – Шу қаласының айналма жолы. Ол жерде жыл қорытындысы бойынша қозғалысты Шу қаласының ішінен сол айналма жолға көшіру жоспарлануда. Үшіншісі – Шу – Хантау учаскесі. Ұзақтығы – 62 шақырым. Қазіргі таңда бүкіл асфальт-бетон жұмыстары аяқталды.

Шу – Хантау жол бөлігі биыл, ал төртінші учаске Хантау – Бурылбайтал тас жолы келесі жылы пайдалануға беріледі. Осыдан біраз уақыт бұрын облыс басшысы жол салу барысындағы кемшіліктерді айтып, құрылысшыларды сынаған еді. Мердігерлер «мерзімінен бұрын аяқтаймыз» деп уәде бергенімен, орындалмады. Оның бірнеше себебі бар.

Тілеужан Ержан, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Барлығымызға белгілі өткен жылдың наурыз айынан бастап елде індет басталып кетті. Сол себепті жөндеу жұмыстары біраз тоқтап қалды. Мердігер ұйымның жұмыскерлерінің біразы коронавирус ауруына шалдыққаннан кейін олар карантинге жабылуға тура келді. Сол себепті созылды. Содан кейін жыл басында құрылыс материалдарының күрт қымбаттап кетуі біраз қиындықтар тудырды.

Мерке – Шу – Бурылбайтал тас жолының бойында 20 жол өтпесі болады. «Құрылыс материалдарының күрт қымбаттап кетуінен біршама шығынға баттық. Бірақ жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Өйткені дәл мынадай заманда мерзімнен кешігу – мердігерге сын» дейді мұндағылар.

Әбілқасым Диханбаев, учаске бастығы:

– Смета 3-4 жыл бұрын құрылды. Ол кездегі арматураның бағасы смета бойынша 210-220 мың болса, қазір 475 теңгеге шығып кетті.  Материалдар екі есе қымбаттап кеткен. Енді келісімшарт жасасып қойғаннан кейін амал жоқ, шығынға ұшырап отырмыз. Сонда да бітірудің амалын істеп жатырмыз.

Мерке – Шу – Бурылбайтал республикалық тас жолын жөндеу жұмыстары 90 процентке аяқталды. Бұл автожол алдағы жылы толық пайдалануға беріледі.

Авторлары: Анастасия Сулейманова, Ардақ Айбарұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатилла