Шымкентте техникалық маман иесі жұмыссыз қалмайды

Өңірде студенттің тәжірибесін шыңдап, жас маманның жұмысқа орналасуына мүмкіндік молайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен үш жақты меморандумға қол қойды. Енді техникалық мамандық игерген түлектер еш қиындықсыз уақытша және тұрақты жұмысқа тартылады. Индустриалды аймақта орналасқан бірнеше өндіріс орнының басшысы бұл келіссөзді қуана қабылдады. Металлург, технолог сынды мамандарға арнайы «Жастар» практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты бағыттар аясында мемлекеттік бюджеттен ақы төленеді. Биыл шаһарда 26 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы оңтүстік қазақстан университетінің ректоры

– Жұмысқа тұрудың нәтижесі халықаралық рейтинг бар QS рейтингінде біз былтыр үш позицияға жоғары көтерілдік осы мәселеге байланысты. Биыл енді біз одан да жоғары көтереміз деген амбициялық мақсаттар қойып отырмыз. 

Балмаржан Нарбекова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

– Бұл жерде тек қана студенттер емес, жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жұмыссыз жастарымыздың барлығы жобада қамтылады. Біз осы оқу орыннан бастадық. Әрі қарай тек қана ЖОО ғана емес колледжермен де дәл осылай жұмыс атқаратын боламыз.