Елімізде ақылы жолдар тарифі өспейді

Бір шақырымы үшін жеңіл көліктерге 1 теңге және жүк көліктеріне салмағына байланысты 5-25 теңге аралығында болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин айтты. Ал ақылы жүйеге жақын орналасқан елді мекен тұрғындары құны мың теңгеге тең жылдық абонемент сатып алуға құқылы.

Айта кеткен жөн, 2025 жылға дейін ақылы жүйені республикалық желідегі автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу жоспарланған. Кейбір жол учаскелерінде шлагбаум болмаса да бейнебақылау камерасы бар арканы айналып өту мүмкін емес, дейді «ҚазАвтоЖол» басқармасының төрағасы Асқар Мұратұлы.

Асқар Мұратұлы, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Мына ауылдардың ішімен айналып өту, жаңағыдай басқа да әрекеттерге баруға болмайды. Ал енді мына тік жолдың үстінде жолдан түсудің өзі оңай шаруа емес. Егерде жолдың сапасы сын көтермейтін болса, жолдағы күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілмейтін болса, сонымен қоса Нұр-Сұлтан-Павлодар жолындағыдай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлерде жолдың ақысы алынбайды.