433,56 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Министр: Қарағандыда «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғаға жұмыс беруші кінәлі

  • 105
  • UPD: 20:10, 24.11.2021

Қарағанды облысының «Абай» шахтасындағы апаттың себебі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бүгін үкіметтік комиссия жұмысының қортындысын шығарған төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, кеншілердің апатқа ұшырауына жұмыс беруші кінәлі. Апаттың себебін анықтау үшін тіпті шетелдік мамандар шақырылған. Ал олардың барлығы бірауыздан жұмысшылардың еш кінәсі болмағанын айтқан. Министр кезекші диспечердің қырағылығы болмағанда кен орнында қаза болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтты. Ол дер кезінде апаттық дабыл беріп, электрді өшірген екен. Ал кеншілердің бірі басын бәйгеге тігіп, екі кеншіні аман алып қалуға ықпал еткен. Ильин диспечер мен аталған кеншіні марапатқа ұсынатынын айтты. Бүгінгі шешімді комиссия мүшелерінің бәрі бірауыздан мақұлдаған. Енді ол тиісті органға беріліп, тергеу жалғасады.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

– «Арселор Митталдың» кінәсі 100 процент анықталды. Бірақ атап өтетін бір жайт бар, ол бірқатар қауіпсіздікті қатаң сақтауға ықпал ететін шаралар тек осы апат кезінде емес, біраз уақыт жүргізілмеген. Біріншіден, техникалық-инженерлік құрамның тапшылығы, екіншіден, жұмыс беруші кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізбеген үшіншіден, жұмыс беруші құрал-жабдықтарды көптен бері жаңартпаған, жаңа технологиялар енгізілмеген. Бұлардың барлығы уақыт өте келе осындай қайғылы жағдайға душар етіп отыр.

Айта кетейік, 7 қараша күні сағат 08.24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы таралған. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеген.

Хабар 24 телеарнасы