Түркістандық шаруалар үш млн тоннадан астам өнім жинап, рекорд жасады

Осылайша биылғы жылды өңір шаруалары толайым табыстармен түйіндеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Құрғақшылық қыспаққа алғанына қарамастан Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің арасындағы келісімге сәйкес «Достық» каналына секундына 100 текше метр су жіберілді. Соның арқасында диқандар мақтаның әр гектарынан 30 центнерден өнім жинады. «Ақ алтынның» бағасы да екі есе көтеріліп, келісі 320 теңгеден өткізілді.

Асанбай Тағаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Қазіргі таңда мақтаға сұраныс артып келеді. Біздер мақта егетін диқандарға жаңа технологияны ендіріп, жоғарғы өнімге қол жеткізуге қызмет жасап жатырмыз. Егерде мақта дақылынан 40 центнерден жоғары өнім алатын болсақ, онда шаруаларға өте тиімді болар еді.

Өңірде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Әсіресе мал басын асылдандыру ісі жолға қойылған. Соның нәтижесінде облыс ет өнімдерін өндіру бойынша республикада алдыңғы қатарда. Шетелге экспортталған еттің 75 пайызын Түркістан облысы қамтамасыз етеді. Биыл шаруалар 24 мың тонна ірі қара, 3 мың тонна қой еті алыс-жақын мемлекеттерге экспорттады. «Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда инвестициялық жобалардың маңыз зор» дейді мамандар. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның басым бөлігі Қазығұрт ауданына тиесілі.

Арман Абдуллаев, Қазығұрт ауданының әкімі:

–Төрт гектарға қазіргі заманауи технологиямен қамтылған жылыжай салынып жатыр. Ол Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінде. Одан бөлек 1200 бастық Қызылқия ауылдық окрігінде мал бордақылау алаңы салынды. Оның қасынан мал сою бекеті менен ет өнімдерін өңдейтін цех салынып жатыр.

Өңір шаруалары егістікті әртараптандырудың нәтижесінде биыл үш млн тоннадан астам өнім жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Біріккен шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару технологиясын өндіріске қосты. Соның нәтижесінде бір алқаптан 2-3 өнім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал үй іргелік жерлер тамшылатып суғару әдісін пайдаланады. Осындай іргелі істердің нәтижесінде биыл облыс шаруалары 805 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Қысқы мал азығы да артығымен дайындалғанын айтады мамандар.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бізге 3 млн 900 мың тонна мал азығы қажет. Бүгінгі таңда 4 млн 100 мың тонна мал азығы дайындалып, 108 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Ендігі кезекте шаруаларға нормаға сәйкес, 700 мың тонна жем қажет. Оның 500 мың тоннасы өндірілді. Қазір 200 мың тоннаны солтүстік өңірлерден сатып алуға ауылшаруашылық тауар өндірушілерге 5 пайызбен несие беру басталды.

«Алтын күз-2021» мерекелік шарасы аясында Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жұртшылыққа осы саладағы жетістіктер мен өнімдер, ғылыми ізденістер көрсетілді. Нағыз еңбек адамдарының мәртебесі асқақтаған жиында өңір басшысы бір топ азаматтарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төс белгісімен марапаттады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш