Ақтөбеде ірі өнеркәсіп орындарына туристік бағыт ашылды 

Елімізде туризмнің жаңа бір бағыты пайда болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай отандық алпауыт ERG компаниясы өз кәсіпорындарында туристік бағдар ашты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өндірістегі жұмыс барысын көрсетіп, өндірілетін өнім мен жұмыскерлердің жағдайы туралы баяндалған алғашқы саяхат Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан басталды. Жылына 700 мың тонна өнім өндіріп, оны әлемдік нарыққа шығаратын кәсіпорынның егемендік жылдары жеткен жетістіктері де паш етілді.

Елімізде тұңғыш рет қара металлургия өндірісін жолға қойған Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылған 1943 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Тынымсыз жұмыс көрігін қыздырған металлургтердің іс-әрекетін көзбен көріп, жақыннан бақылауға болады. Сондай-ақ ашық вагондармен жеткен шикізатты аударып төгетін орын мен өндірістік қалдық-шаңды сүзіп, қайта өндеу ісі де зауытқа кірген жандардың назарынан тыс қалмайды. Ал бір өзінің қуаты зор заманауи үлгідегі №4 цехтың жұмысы таң қалдырмай қоймайды.

Жалғасбай Мұсабеков, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры:

– Бұл экскурсияның маңыздылығы егеменді Қазақстан үшін зор деп ойлаймын. Өйткені 30 жыл бойы дамыған жетістіктерімізді көрсете аламыз. Қала тұрғындарына, қала қонақтарына зауытты көрсетуге, қандай өнімдер шығып жатыр, қандай технологиялар бар, өндірістің қандай екенін көру үшін шақырып отырмыз. Бұл Қазақстан туризмі үшін жаңа бағыт деп ойлаймыз.

Кезең-кезеңмен жаңа технологиялар енгізіліп жатқан зауыт жұмысын әдетте осы саланың маманы болғысы келетін жастар ғана көретін. Енді кез келген адамның келіп, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысуына мүмкіндігі бар. Әзірге аптасына бір рет тегін саяхат ұйымдастыру жоспарланған. Ал алдағы уақытта ERG құрамындағы  кәсіпорындарда туристік бағыт ашылмақ.

Яков Фёдоров, блогер:

– Бұл жақсы бастама. Алпауыт өндіріс орындарының тұрғындарды қабылдап, оларға жақын болуы көптеген сауалға жауап табуға көмектеседі. Әсіресе жастар үшін кәсіп таңдауда тигізер септігі мол. Сосын металлургия, көмір өндіру ісінің қыр-сыры кез келген жан үшін қызық.

ERG алпауыт компаниясына қарасты кәсіпорындарға барудан өзге виртуалды түрде де саяхаттауға мүмкіндік бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев