Қазақ-өзбек әскери ынтымақтастығының жоспары бекітілді   

Қазақстан мен Өзбекстан әскерилері «Hamkorlik-2021» бірлескен оқу-жаттығуын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Еліміздің қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов көрші мемлекетке жасаған жұмыс сапары аясында жауынгерлердің тосын әрі тұтқиыл қимылдарға дайындығын бақылады. Ресми кездесу аясында келесі жылғы ынтымақтастық жоспары бекітілді.

«Hamkorlik-2021» бірлескен оқу-жаттығуында қос елдің жауынгерлеріне іздеу-барлау іс-қимылдары, тұтқиылдан жасалған шабуылға төтеп беру, жаудың мықты жасақтары мен жоғары мобильді әскерилендірілген топтарын жою міндеттелді.

Сәкен Балтабай, сержант:

– Дабыл қағылып, ротамыз түгел көтерілді. Сөйтіп бірден әскери міндетімізді орындауға кірісіп кеттік. Ротамыз Өзбекстанның мотоатқыштар батальонымен бірлесіп, заңсыз қаруланған топқа қарсы тойтарыс берді.

Дайындық барысын екі елдің ведомство басшылары Мұрат Бектанов пен Баходир Құрбанов бақылады. Халықаралық оқу-жаттығуы жауынгерлердің өзара іс-қимыл деңгейін, сондай-ақ өзара байланысын арттыруға бағытталған.

Ресми кездесу нәтижесінде екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы 2022 жылға арналған ынтымақтастық жоспары бекітілді. Қос министр өңірлік және жаһандық қауіп-қатерлерді де сөз етті. Салада білім беру мен кадр даярлау мәселесі және тәжірибе алмасу әлі де өзекті.

Авторы: Мерей Мұратханқызы