Еліміз бойынша өтіп жатқан «Ақ лента» шарасына қарағандылықтар үн қосты

Еліміз бойынша өтіп жатқан «Ақ лента» шарасына қарағандылықтар да үн қосты. Полиция қызметкерлері волонтерлермен бірлесіп, қаладағы ірі сауда орындарында ақ лента мен ақпараттық буклет таратты.

Мұндағы мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйел-аналарға араша түсу. Өкінішке орай, әйелге  күш көрсететіндер азаймай тұр. Жыл басынан бері 28 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал 400-ден астам азамат әкімшілік жауапқа тартылыпты. Дегенмен, бұл көрсетікш өткен жылмен салыстырғанда 3 процентке төмен екен. Оған осындай акциялардың да көмегі бар, дейді мамандар. Ұйымдастырушылар 16 күн ішінде 5 мыңға жуық лента таратуға ниетті.

Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы: 

- Зорлық-зомбылық ол мәдениетсіз қарым-қатынастың белгісі деген ұранмен ақ лента байлағанбыз. Оның бер жағына түсінікті болсын деп полицияның, прокуратураның, дағдарыс орталықтарының, әйелдер істері жөніндегі комиссияның телефоны жазылған. Осындай ақпарат жазып, адамдарға кішкене болса да септігі тисін, ақпарат алсын деп осылай дайындадық.