Өскеменде наразылық тудырған жыртық ту ауыстырылатын болды

Өскемендегі мемлекеттік рәміздер тауындағы жыртылып қалған ту ауыстырылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оның дәл сол күйінде ілініп тұруы көпшіліктің наразылығын туғызған еді. Қала тұрғындары жыртылған туды әлеуметтік желіге жүктеп, астына түрлі пікірлер қалдырған болатын. Көк ту желдің қатты соғуы салдарынан жарамсыз болып қалған. Қалада үш күннен бері ауа райы бұзылып тұр. Бастауыш сыныптың сабағы ауыстырылды. Ал ту ілінген биіктікте жел секундына 35 метр жылдамдықпен ұйытқып соғып тұр. Сол себепті «Таза Өскемен» кәсіпорнының қызметкерлерін онда жіберу өте қауіпті. Ұзындығы 24, ені 12 метрлік туды дәл қазір ауыстыру мүмкін емес. Бірақ жыртылған мемлекеттік рәміз ту тұғырдан түсірілді дейді әкімдіктегілер.

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі:

­- Бүгін міне, ауа райы кішкене тынышталып, желдің екпіні де азайды. Сол себепті біз мамандарды жіберіп, туды шештік. Осы үш күнде ауа райы болжамын көргенбіз. Үш күнде желдің жылдамдық екпіні азаюы керек. Сол үш күннің ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын жаңартып, қайтадан орнына ілеміз.