Қаржы пирамидасын құрған ақтөбелікке қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде халықтан қомақты ақша жинап, пирамида құрған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ол басқарған ұйым ақша салған тұрғындардың жоғары сыйақы алатынына кепілдік беріп, жалған келісімшарт жасасқан. Қылмысты бір топ адам алдын ала сөз байласу арқылы бірігіп жасаған. Заңсыз ұйымнан 151 адам зардап шеккен. Оларға келтірілген материалдық шығын көлемі 71 млн теңгеден асады. Бүгінгі сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындады. Оның кінәсі айғақ заттармен дәлелденді.

Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Ағымдағы жылдың 25 қарашадағы сот үкімімен Ізтілеуге 7 жыл мерзімге коммерциялық мекемелерде басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің пайдасына 70 350 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.