Елімізде ер мұғалім тапшы

Елдегі техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында шамамен 2 мың педагог жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Әсіресе ер мұғалім тапшы. Мәселен, отандық білім беру мекемелеріндегі 360 мың оқытушының небәрі 70 мыңы - ерлер.

Ел мектептерінде ваканттық сағаттар жоқ емес, бар. Бірақ ол жекелеген пәндер бойынша 16 сағаттық жүктемеге жетпейтін ставкаға жатады. Тиісінше толық емес сағатты алуға көбі асықпайды. Ай сайынғы жалақысының көлемі көп болмауы себебінен сырттан келетін жас мұғалімдер де аса қызыға қоймайды. Артынша бос сағаттар штатта жүрген кәнігі мамандарға қосымша жұмыс ретінде тапсырылады.

Сапура Төлекова, ҚР БҒМ комитеті төрағасының орынбасары:

- Мектептер 1 ставкаға жетпеген уақытта оның орнына тұрақты бір адамды ала алмайды. Немесе мұғалім өзі келіспейді, ондай аз жүктемеге. Сондықтан бұл жерде маман жетіспеушілігі емес, бұл жерде ваканттық сағаттардың болуы деп қарастыру керек. Өйткені ваканттық сағаттар дегеннің өзі сол мектепте жұмыс істеп жатқан педагогқа негізгі жүктемесіне қосымша қосылып бере алады.

Мамандардың жетіспеушілігі қалада емес, ауылда байқалатыны рас. Әсіресе, математика, физика, орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімдері аз немесе жиі ауысып отырады.

Сапура Төлекова, ҚР БҒМ комитеті төрағасының орынбасары:

- Ауыл мектептерінде педагог кадрлардың жетіспеушілігі бұл тек қана бір бағыттағы фактор деп қарауға болмайды. Бұл жерде ауылдың инфраструктурасы да әсер етеді. Сондықтан көптеген ауылдардағы шағын жинақты мектептер бұл орталықтандырылған ресурстық орталықтар арқылы мәселесін шешіп отыр. Ресурстық орталықтың мамандары жақын аймақтағы шағын жинақты мектептердегі негізгі пәндерді оқытады.

Ауылға мұғалімдерді тарту үшін бірінші кезекте жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жасап, тұрғын үй мәселесін шешіп беру керек. Әрине бұл тек министрлік шеңберінде емес, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қолға алынуы тиіс. 12 жыл бұрын жұмыс істей бастаған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қазіргі қарқыны қандай?

Көпжан Бозшағұлов, ҚР ҰЭМ өңірлік даму департаментінің бас сарапшысы:

- Қайтып келушілер көп емес. Көтерме жәрдемақы алады, одан кейін бюджеттік несие алады. Мамандар барғаннан кейін жергілікті әкімдіктер барған жас маманды үймен қамтып, барлық жағдайын жасайтын болса, маман ұнайтын болса, маман келмейді. Ал тұрғын үйлері уақтылы берілмей қалып, пәтер жалдап тұрса немесе айлықтары төленбей қалса маман ойланады ғой.

Осы жылы 6 мыңнан астам жас кадрға жалпы сомасы 1 млрд 700 млн теңгеге тең көтерме жәрдемақы берілді.

Көпжан Бозшағұлов, ҚР ҰЭМ өңірлік даму департаментінің бас сарапшысы:

- Мамандарды ауылға тарту керек. Себебі жастардың бәрі ауылға емес, қалаға ұмтылып жатыр ғой. Өздеріңіз де қалада жүрсіз ғой.

Жас мамандар ауылға көптеп көшсе, сонда қалса жергілікті әлеуметтік һәм демографиялық жағдай жақсаруы мүмкін. Бірақ бәсекелестік артады. Салдарынан қаладағыдай жұмыссыздық деңгейі өсуі ықтимал. Еңбек нарығына салмақ түседі дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбай.

Серік Бейсенбай, әлеуметтанушы:

- Аймаққа байланысты ерекшелікті ескеру керек. Бір аймақ үшін халық санының өскені ол еңбек нарығына салмақ түсіруі мүмкін. Кейбір аймақта керісінше. Сосын жаңағы ауылдан қалаға көшуді біресе жақсы дейміз де, кейде керісінше қаладан ауылға көшіру керек деген сияқты қарама-қайшы риторика бар. Бұл да біздегі бір жүйелендірілген негізделген саясаттың жоқтығын көрсетеді.

Ауылға тартылған мамандықтардың көш басында мұғалім тұр – 54 мыңнан астам кадр. Екінші орында медицина қызметкерлері 16 мың 500 адам. Бұл салада әлі 4 мыңға жуық кадр жетіспейді. Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 3 мың 200 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 13 млрд 500 млн тг көлемінде бюджеттік несие берілген.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев