Елордада зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамауға үндейтін интерактивті көрме ашылды

Тұрмыстағы зорлыққа қарсы 16 күндіктің аясында елордада тақырыптық экспозиция ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оған күнделікті тұрмыста қолданылатын стақан, кітап, бәтеңке, нан турайтын тақтай сынды заттар қойылған. Бірақ мұндағы әр заттың жантүршігерлік өзгеше мәні бар. Бұлардың барлығы тұрмыста әлімжеттік көрсетуде қолданылған бұйымдар. Кейбірі тіпті адамды соққыға жығып, өлтіріп алғанда пайдаланған. Статистикаға сәйкес, пандемия кезінде тұрмыстағы ұрыс-керіс 30 процентке артты. Полицияға түсетін шағымдар да 25 процентке ұлғайған. 

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

- Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік науқан - соңғы 30 жылдан бері жыл сайын дүние жүзінде өтетін ауқымды кампания. Оның аясында біз «Қарапайым заттар» атты көрме өткіземіз. Әйелдер мен қыздарға тұрмыстағы қорлық сыртта емес, үй ішінде көрсетіледі. Өз үйінде қауіпсіз сезінудің орнына, теперіш көретінін қарапайым заттардың көмегімен жеткізуге тырысамыз. Осылайша адамдардың бұл мәселеге бей-жай қарамауға үндейміз.