Нұр-Сұлтанда корпоративтік хатшының әлеуеті талқыланды  

25 қараша күні елімізде корпоративтік хатшылардың кәсіби мерекесі тойланады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Биыл атаулы дата корпоративтік хатшылардың халықаралық форумына тұспа-тұс келді. 

Корпоративтік хатшы ұғымы қалың бұқараға таңсық болуы мүмкін. Алайда атқаратын қызметі таудай. Қарапайым тілмен айтсақ, компания басшылығы мен атқарушы құрылым арасын жалғап жатқан көпір іспетті. Биыл дәстүрлі форум осы бір мамандық иелерінің әлеуетін арттыру мәселесіне арналды. Іс-шараға еліміздің әр түкпірінен ірілі-ұсақты компаниялардың 150-ге жуық өкілі қатысты.

Александр Ван Де Путт, «Астана» ХҚО корпоративтік басқару кеңсесінің төрағасы:

- Біз жыл сайын корпоративтік хатшылардың жетістігін атап өтеміз. Биыл «Бәйтерек» холдингімен бірге арнайы форум ұйымдастырып отырмыз. Біздің екіжақты серіктестік байланысымыз енді басталды. Десе де алға қойған бірнеше нақты мақсатымыз бар. Оның әуелгісі, корпоративтік хатшының мәртебесін көтеру. Екіншісі, Қазақстанда ұжымдық басқару тетігін дамыту.

Демек, корпоративтік хатшы қызметін екінің бірі игеріп кете алмайды. Мұнда іскерлік қабілеттен бөлек, ұжым ішіндегі ахуалды дер кезінде реттей алатын көрегенділік те керек. Сондықтан олардың өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы маңызды дейді сарапшылар. Бүгінгі басқосудың көздегені де осы. Мамандардың өзара тәжірибе алмасып, тың ақпаратпен бөлісуіне жағдай жасау. 

Майра Тұрғанова, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ корпоративтік хатшы қызметінің жетекшісі:

- Менің ойымша, 2021 жылдың корпоративтік хатшысы директорлар кеңесінің жұмысын үйлестіріп қана қоймай, компания ішіндегі ұжымдық басқаруды дұрыс жолға қоя алуы тиіс. Ол үшін талмай еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Бүгінгі басқосуда корпоративтік хатшылардың білімін жетілдіріп, кәсіби қарымын арттыратын түрлі тақырыптар қозғалады.

«Бәйтерек» холдингі мен «Астана» қаржы орталығы мұрындық болған форум шеберлік сабағымен жалғасты. Сондай-ақ арнайы байқауда үздік корпоративтік хатшылар анықталып, естелік сыйлықтар табысталды.

Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров