Саяхатшылар енді Шарын шатқалының түнгі көрінісін тамашалауға мүмкіндік алады

Шарын ұлттық паркінде туристерге арналған жаңа инфрақұрылымдар пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мысалы, саяхатшылар каньонның түнгі көрінісін тамашалауға мүмкіндік алады. Жартастар мен жалғыз аяқ жолдарға жарық қойылады. Қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары ашылады. Қазіргі уақытта ұлттық паркті дамыту жұмыстарымен Qazaq Geography қоғамдық бірлестігі айналысып жатыр.

Ғалымдардың пайымдауынша, бұл мекеннің бәрін ежелде су алып жатқан. Су шайып, жел қырнап, табиғаттың өзі сомдаған бұл ұлы өнер туындысы 127 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда жан-жануардың 30, құстардың 100 шақты түрі мекен етеді. Флорасы да сан алуан, 1000-нан аса өсімдік түрі өседі. 

Жәнібек Әлкеев, Шарын мемлекеттік ұлттық паркін дамыту жобасының жетекшісі:

- Бұл бір адамзатқа күш-қуат беретін, жан дүниеңе тыныштық сыйлайтын орын. Қазір бізге 5 шақырымды абаттандыруға рұқсат берді. Сол жерлерге туристерге ыңғайлы жағдай жасап қойдық. Қазір тау арасында ұялы байланыс, мобильді интернет еркін ұстайды. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін үлкен көмек.

Шарынды аралайтын туристер негізгі екі маршрутпен жүреді: төменгі және жоғарғы жол. Жоғарғы жолмен жүретіндер тау келбетін биіктен көреді. Оларға екі жерден арнайы көру аймағы жасақталған. Екі маршруттың бойында да демалуға арналған 4 шатыр, 3 грот, туристерді бағдарлау үшін 8 навигация, 10 қоқыс жәшігі қойылған. Бұның бәрін «Шарын және Алтынемел инфрақұрылымын дамыту» жобасы мен «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп атқарып жатыр. 

Жасұлан Махмұт, гид:

- Жазды күндері Шарын шатқалы қатты ысиды. Температура +40, +45-ке дейін барады. Сол себептен тамыздан бастап осы жерге орындықтар қойылды. Әр 500 метр сайын әр жерде орындықтар бар. Сол орындықтардың қасында су алатын арнайы фильтрмен крандар бар.

«Ұлы сөзде ұят» жоқ деген, Шарындағы швейцариялық дәретханаларды арнайы айта кету керек. Бұл жаңа механизммен салынған, суды керек етпейтін эко дәретханалар. Осындай бір әжетхана бір жылда 100 000 литрден аса суды үнемдейді. Болашақта бұл аймақ бұдан әрі гүлденеді.

Жәнібек Әлкеев, Шарын мемлекеттік ұлттық паркін дамыту жобасының жетекшісі:

- Мұнда туристер көбіне күндіз келеді. Аз адам ғана түнгі шатқалды тамашалайды. Бұл жерде таң шапағы мен күннің батқанын көру бір керемет. Болашақта түнде жолды жарықтандырып, бірнеше шатқалға жарық түсіріп қойсақ, адамдар түнейтін панажайлар салсақ дейміз. Адамдар түнде де алаңсыз өзенге барып, шатқалға қарап рахаттансын.

«Қызыл сай» немесе «Қорғандар аңғары» аталатын бұл мекен әрі көрікті, әрі сондай қауіпті мекен.

Жасұлан Махмұт, гид:

- Жаңбыр жауғанда шарын шатқалын жауып тастайды. Өйткені жаңбыр жауғанда жан-жақтан сел болады, адамдарды бірден алып шығамыз. Ағыс өте қатты болғандықтан біз адамдарды ол жерге жақындатпаймыз.

«Шарын туристер тарапынан да зақым көрмеуі тиіс. Біз қазір бұл өңірді жан-жақты кешенді дамыту, қорғау үшін археолог, биолог, тарихшы, мәдениеттанушы мамандарды да қатарымызға тартып жатырмыз дейді Жәнібек Әлкеев.

Кәмшат Әбілқызы, тілші:

- Таңғажайып Шарынды көруге жылына 30 000-нан астам адам келеді. Солардың арасында түрлі вандалдар да бар. Олар тастарға түрлі жазу жазып, қойып қойған сәкіні орнынан жұлып әлек. Бізге туристер мәдениетін қалыптастыру керек дейді мамандар.

Кәмшат Әбілқызы, Радик Жакупов