Маңғыстаудың ауылдарына ауыз су қашан жетеді

Президент тапсырмасымен Маңғыстау облысын дамыту жөнінде кешенді жоспар қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осының аясында аймақ жұртын таяу уақытта ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтты. Жыл соңына дейін өңірдегі екі ауылға орталықтандырылған таза су жүйесі жеткізіледі. Қазір аймақ тұрғындары 150 мың текше метр су тұтынады. Жұрт тіршілік нәрінен әсіресе жазда тарығады. Ал 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Сондықтан жалпы қуаты 286 мың текше метр тұщы су шығаратын 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Ал Жаңаөзендегі тозығы жеткен газ өңдеу зауытының орнына жаңасы салынады. Бұл да Президенттің тапсырмасы. Әкім бүгінде арнайы жер белгіленгенін айтты.