Алматыда хайп қуып желіккендер жауапқа тартылды

Алматыда желіккен жастар көше ортасында өрт сөндіру құралын қолданып, тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде танымал болу үшін жастардың мұндай әрекеті жиілеп барады. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылса да олардың ерсі қылығына тосқауыл болмай тұр. Бұл күні кеше Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған жағдай. Қалада күн ысып кетті деген жігіт өрт сөндіру баллонын үстіне шашып, айналаны бір сәт тұманға бөктірді. Жастардың әдепсіз қылығы жаяу жүргіншілер мен көліктердің жүрісіне кедергі келтірген. Хайп қуғандар бірден анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олар әкімшілік қамауға алынды.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

– Іс-материалдары шешім шығару үшін сотқа жолданды. Кеше ғана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың қаулысымен Алиакбаров әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Армиянов және операторға қатысты тексеру жалғасу үстінде.

– Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінде түсірілген видео үшін халықтан кешірім сұраймын.

«Атың шықпаса, жер өртенің» кері ме? Әйтеуір «халықтан кешірім сұраудан» ұялмайды. Тура бір апта бұрын осы үш жігіттің біреуіне әкімшілік айыппұл салынған болатын. Ол қасындағы досымен Алматы метросына түсіп, музыканың дауысын қатты шығарып, жолаушылардың әбден мазасын алған еді. Жастардың ерсі істерін жұрт «есерсоқтыққа, бұзақылыққа» теңейді.

– Әрине зиян келтіруі мүмкін. Біреуді шошытып алуы мүмкін, ол дұрыс емес. Ондай атағын басқа да жақсы нәрселермен шығарған дұрыс.

– Жақсы нәрсені көрсетіп, соны әлеуметтік желі арқылы көрсететін болса, ол әрине жақсы, позитивті. Еш мағынасы жоқ, берер тәрбиелік дүниесі жоқ есерсоқтық, деп айтар едім.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын бір топ жас қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу жасаған болатын. Көп ұзамай хайперлер ұсталып, істері Қылмыстық кодекстің 293 бабы, яғни бұзақылық дерегі бойынша аудандық сотқа жіберілген. Тіпті автобустың төбесінен секірген кезде біреуі басынан жарақат алған. Бұл жағдай өзегелерге сабақ болса игі. Жұлдыз боламын деп, ойнап жүріп, от басып алмаса болғаны.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов