Ақмолада өрт салдарынан биыл бес адам көз жұмды

Жыл басынан бері 92 өрт оқиғасы тіркеліп, 23 адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ақмола облысында тұрғын үйдегі өрт дерегі азаяр емес. Кейінгі жылдары газға қатысты техногенді апаттар да жиілеп кетті. Биыл 7 оқыс жағдай болды. Салдарынан 5 адам көз жұмып, 23 кісі ауыр жарақат алды. Жантүршігерлік оқиғалардың бірі осыдан тура 10 күн бұрын Шортанды ауданында болғанын бүкіл ел біледі. Жеке үйлердің біріндегі газ баллонның жарылысынан 3 бала мен 2 әйел адам бақилық болды. Тағы 6 кісі ауруханада жатыр. Ал аталған қайғылы жағдайға үй иелерінің өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзуы себеп болды, - дейді, мамандар. Олар сырттан әкелінген мұздай газ баллонды пештің жанына қойып жылытқан көрінеді.

Нұрлан Атығаев, облыстық тжд басшысы:

– Мұндай оқыс оқиғалар биыл Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында көп тіркелді. Одан бөлек, Бурабай мен Бұланды аудандарында да болды. Барлығына қауіпсіздіктің сақталмауы себеп. Өртке де сақтық шараларының болмауы әсер етеді. Электр сымдары дұрыс жалғанбаған немесе электр және газ құрылғыларының кемшілікпен жұмыс істейді. 

Бірақ бәріне бірдей тұрғындардың өздеріне кінәлі емес шығар? Өрт деректерін жарайды, ал газ баллондарының бірінен соң бірінің жарылуына не себеп? Кім кінәлі? Жалпы Ақмола облысында табиғи көгілдір отын деген атымен жоқ. Ал пропан газын құятын 100 шақты бекет бар. Мамандар биыл олардың біразы тексеріліп, бірқатар заңбұзушылық анықталғанын айтады.

Ерік Тілеужанов, облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы:

– Біздің тексеру парақтарында 200-ден астам талап бар. Ал аталған мекемелер, сол талаптардың барлығына дерлік сәйкес келеді. Яғни анықталған кемшіліктер өрескел заңбұзушылыққа жатпайды. Сондықтан оларға айыппұл салумен шектелдік.

Табиғи газ болмаған соң жер үйде тұратындар да, көпқабатты үйлердің де көбі газ баллон қолданады. Ал жаппай қолданыстағы дүниенің заңды жауапты органы болуы тиіс. Жергілікті билік өкілдері, бұған қала және аудандық әкімдіктердің жанындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімдері міндетті, - дейді. Бірақ олар газға қатысты қандай да бір тексеріс немесе алдын алу шараларын жүргізіп жатқан жоқ.

Малғаждар Тәткеев, облыс әкімінің орынбасары:

– Бірақ енді бізге жүктелгеннен кейін міндеттіміз атқаруға. Қазір үйретіп жатырмыз ЖКХ-ның кісілерін. Дайын сондай мамандар жоқ бізде қарайтын. Қазіргі уақытта жаңағы шағын бизнесті тексеру тыйым салынған. Бір жағынан тексере алмаймыз оларды.

Осылай деген жауаптылар, қорыта келгенде бәрін тұрғындардың өзіне әкеп тіреді. Отбасының амандығы үшін газ қондырғылары мен құрылғыларын әркім өзі тексертіп, тазалатып немесе жаңартып отыруы тиіс, - дейді. Ал өрт сөндірушілер болса, қанша жерден қауіпсіздік ережелері халыққа жан-жақты жеткізілгенімен тілсіз жауды болдырмау мүмкін болмай тұрғанын айтады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный