Ақтауда шағын аудандар абаттандырылып жатыр

Кейбір аудандар ел тәуелсіздік алғалы жөнделмеген екен. Бес бірдей шағын ауданда жаяу жүргінші және көлік жолдары қайта төселді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларға арналған ойын және спорт алаңдары да жаңартылды. 5 шағын ауданда су жаңа балалар алаңы құрылысы аяқталуы жақын.

Бұл ауданда жаз бойы құрылыс бір тынған жоқ. Тұрғындар күн санап келбеті өзгерген ықшам ауданда жөндеу аяқталуын сабырлықпен күткенін айтады. Нәтижесінде 50 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, 16 мыңға жуық шаршы метр жаяу жүргінші жолдары пайда болды. 2 спорт және 7 балалар ойын алаңы қолданысқа берілді. Тағы бірі жуық арада дайын болады.

Ольга Романовская, қала тұрғыны:

– Биыл шағын ауданішілік асфальт жолдар толық жаңарды. Мәселе ұзақ жылдар бойы шешілмей келіп еді. Үйлер арасында тротуарлар қайта төселді. Оларды тұрғындар болып әкімдіктен қайта-қайта сұрап жүрдік. Автотұрақтардың да көбейгені көпшілікті қуантып отыр.

Жайық Нағымаш, қала тұрғыны:

– Соңғы уақытта осы мәселелер көптеп шешіле бастағанын көзіміз көріп жүр. Бәріміз куә болып жатырмыз. Ішкі жолдары тегістеліп, балалардың ойын алаңдары кәдімгідей қалыпқа келе бастады.

Бұл, 28 шағын аудан. Кейбір көпқабатты үйлер арасында алғаш рет жаяу жүргінші жолдары төселіп жатыр. Құрылысшылар жылдың соңына 51 мың шаршы метр көлік жолын да салып бітіруге уәде беріп отыр. Олар осы жердегі балаларға арналған14 ойын алаңын және 7 спорт алаңын бастан-аяқ жөндеп шықты.

Дәурен Мәжінов, учаске бастығы:

– Жаяу жүргіншілер жолдары керек жерлерге тұрғындардың сұранысы бойынша салып беріп жатқан жайымыз бар. 6 бригада жұмыс жасап жатыр әр жерде.

Айбек Ербөлеков, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бес шағын ауданда абаттандыру жұмыстары 15-17 маусымда басталды. Қазіргі таңда аяқталуда. Қалып тұрған балалар ойын алаңдары бар. Бірінші кезекте балабақшалар мен мектептерде жоқ жаяу жүргіншілер жолдары салынды. 2022 жылға 6 шағын ауданда осындай жұмыстарға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда.

Мөлтек аудандар ішін толық қалпына келтіруге бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Барлық шығынды жер қойнауын игеруші компания көтерді.

Айта кетейік, былтыр да демеуші қаражатына 2, 6, 7, 12, 26 және 27 шағын ауданда кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев